ҚАЗЫҒҰРТТА ШАРУАЛАРДЫҢ ШАРУАСЫ ШАЛҚЫП КЕЛЕДІ

Қазығұрт ауданы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қолайлы аймақ. Сондықтан да тау етегінде ауданда егістік пен мал шаруашылығы жыл сайын алға жылжып келеді. Қазіргі таңда ауданда жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға ықпал етіп жүрген әлеуетті шаруалар жетерлік. Жуырда Қазығұртқа жасаған арнайы іссапарымызда сол шаруа қожалықтарының бірқатарын аралап, ондағы жұмыстармен танысып қайтқан едік.

 Қазығұртта жылыжай өндірісі жақсы жолға қойылған. Ағымдағы жылдың алғашқы 4 айындағы көрсеткіш бойынша аудандағы жылыжай аумағы 5,44 гектар жерге жеткен. Ауданда аталған шаруашылықтың қарқынды дамуы жолында «Ел-Мұрат» шаруа қожалығының қолтаңбасы орасан. Тұрбат елді мекеніндегі шаруашылық иесі Элмурад Сайтқұлов. Ырыздығын жерден терген диқанның егістік алқабы 12 гектарға жетеді. Оның 10 гектарына жеміс ағаштары отырғызылса, қалған бөлігінде жылыжай өндірісі жолға қойылған. Бүгінде жыл он екі ай тынымсыз жұмыс істейтін жылыжайда қызанақ пен қияр өсіріледі. Кешенде баптап өсірілген көкөніс өнімдері жергілікті жерде жақсы сұранысқа ие болып қана қоймай, өзге қалаларға да саудаға шығарылады. Шаруа басшысы мұның басты сыры диқандардың ең бірінші кезекте өнім сапасына аса мән беруінің арқасы деп түсіндіреді. Бұл туралы Элмурад Сайтқұлов «Біз бұл істі қолға алғаннан бастап өзге елдердің озық тәжірибесін үйрендік. Жұмысымызды жүзеге асыруда ғылым жаңалықтарындағы жемісті тәсілдерді пайдаландық. Соның нәтижесі болса керек 2 гектарға жуық жерді алып жатқан жылыжай бар болғаны 1 жыл ішінде бой көтерді. Жылыжай жақсы өнім беру үшін оған жақсы күтіммен қатар дәрумендер, минералды тыңайтқыштармен дұрыс қамтамасыз ету қажет. Зиянкестерден қорғау жұмыстарына үлкен ыждағаттылық қажет. Мұның барлығы тиянақтылықты, кәсібилікті талап етеді. Жылыжайды баптау жұмыстарының өз ережесі бар. Егер оны дұрыс орындамасаң, еңбегің еш кетеді»,- дейді. Осы бағыттағы жұмыстардың барлығында оң нәтижеге жету үшін шаруа қожалық заманауи технологиялардың тиімділігін пайдалаланып, соның арқасында жоғары сапалы өнім өндіруші ретінде абырой биігінен көрініп отыр.

Қазығұртта жылыжаймен қатар қарқынды бау өсіруге бет бұрған шаруа қожалықтары жетерлік. Соның бірі Әділ Батырбеков басшылық ететін «Бірлік 2020» шаруа қожалығы. Жер баптаған кәсіпкер бүгінде 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып келеді. Тынымсыз еңбекті талап ететін маусымды кезеңде еңбек қолы 20 адамға барады. Қожалықтың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 30 гектарды құраса, соның 10 гектарына алма ағашының «Голден Делишес», «Джонотан», қара өрік ағашының «Исполинский» сорттары отырғызылған. Бұл жоба үшін кәсіпкер Әділ Батырбеков өз қалтасынан 16 млн. теңге қаржы жұмсаған. Жеміс көшеттері алдыңғы жылдары нышан көрсетіп үлгерген. Биыл толық өнім беретін болады. Жалпы бүгінгі таңда аудан көлемінде жеміс беру жасындағы бау- бақша аумағы 1984 гектарды құрайды. Аудан әкімдігі былтыр бау-бақшаның 1 гектарынан 10 тонна өнім алып, нәтижесінде 19840 тонна жеміс жиналғанын алға тартады. Ал биыл аудан шаруалары одан да көп өнім жинау үшін барын салуда екен.

Бұдан бөлек ауданда бие сүтін өндіру ісі өрге басып келеді. Істің көзін таба білетін кәсіпкер Бауыржан Батырбеков 2018 жылы бие сүтін өндіру кешенін құрды. Жобаның жалпы құны 118 млн. теңге. Кешендегі мал саны 120 бас. Олардың ішінде бие саны 100-ге жетеді. Жылдық қуаттылығы 50 тонна бие сүтін құрайды.

Ауданда 84,5 мың гектар егістік жерді игеру мақсат етілсе, бүгінде ол меже 100 пайызға орындалған.

 

P.S.

Бізді ауыл шаруашылық саласының қарбалас тірліктерінен қаймықпай, бүйірін шығарып жүрген шаруа қожалықтарының жұмысымен Қазығүрт ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың өз таныстырып жүрді. «Жақсылықты көрмек үшін» деп жүрген біздерге ол кісі мамыр айының ортасында қатты жауын салдарынан су алған ауылдарға да алып барды. Табиғат тосын мінез танытқан сол күні аудандағы Жігерген ауылдық округінің үш ауылы сел зардабын тартқан болатын. Салдарынан 30 үйдің ауласына су кіріп, 4 қора құлаған. Бұдан бөлек Қаржан елді мекенінде 2 үй, 1 емхана, 1 дәріхана, 2 қоражайдың аулаларына су кірген. Ал Қызылата елді мекенінде 4 үй, 1 мешіттің ауласына су кіріп, адамдар біраз әуре-сарсаңға түскен. Айтып келмейтін апат орын алған кезде, облыс басшылығы Мақтарал ауданында орын алған сел жұмыстарының зардабын жою, Төлебиде төтеннен болған жергілікті сипаттағы төтенше жағдайға (сел) байланысты тиісті жұмыстарды атқарып жүргені белгілі еді. Осыны назарға алған аудан басшылары өзгелерге алақан жаймай, жергілікті жердің кәсіпкерлеріне қиындықтан бірге шығу туралы үндеу тастайды. Оны қазығұрттық кәсіпкерлер бірауыздан қолдай түседі. Сөйтіп олар зардап шеккен тұрғындарға жарамсыз күйге түскен үй жайлары, қоралары үшін қажетті құрылыс материалдарын әперіп, демеушілік танытады. Енді 2 – 2,5 ай көлемінде ауданда селден бұзылған нысандар бүтінделіп, жарамсыз болған баспаналар қайта бой көтеретін болады.

 

Т. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ.

Беттегі суреттерді түсірген

Азат ДИДАРБЕК.