ЕРІКТІ ЖАСТЫҢ ЕРТЕҢІ ЖАРҚЫН

Биыл Еріктілер жылы. Еріктілер – адал еңбегімен айналадағы адамдарды ыстық ықыласқа бөлеп, бірақ ол үшін ақы алмайтын, ерік-жігерге ие жандар. Жыл басынан бері елімізде бірлігіміз бен төзімділігіміз сыналар сын-сағаттар көп болды. Олардың қатарында пандемияға ұласқан коронавирус індетін ауыздықтау бағытындағы түрлі шараларды өз деңгейінде орындау міндеті болды.

Яғни, эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру бағытындағы төтенше жағдай режиміне орай шектеу талаптарына мойынсұну, карантин құрсауында болу сынды жағдайларда күн кешу қазақстандықтарға оңай соқпағаны белгілі. Екі айға жуық уақытқа жалғасқан шектеулерден соң қалыпты өмірге өтудің бірінші кезеңіне енді аяқ басқалы отырғанда Мақтаралдағы бірқатар ауылдардың су астында қалуы қабылдауға ауыр төтенше оқиға болды. Ерікті болу адамның қызметіне, жасына, біліміне қарамайтынын осындай күрделі ахуалдарда айшықтала түсті.

Шымкенттік еріктілер қайырымды қала болу қуаттылығын арттыра түсуде. Ерікті болу жан қалауымен игі дүние жасау арқылы, өзіне рухани күш беріп, кемелдене түсетіндей. Бұл Абайша айтқанда «толық адам» болуға бастар жол емес пе?!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Президенттің бастамасымен еріктілер «Bilim», «Qamqor», «Úmit», «Sabaqtastyq», «Taza Álem» және «Saulyq» атты 7 салалық бағыт бойынша жұмыс істеуді бастады.

Және ерікті болуға екпін беріп қана қоймай, осы бағытта өнімді істердің ортасынан табыла алған студенттерге шәкіртақының 30 пайызға өсетінін айтты.

Еріктілер барлық қоғамда бар. Дөңгеленген дүниеде еріктілердің басым көпшілігі – АҚШ-та екен. Ең қызығы, бұл мемлекетте балаларды мектеп жасынан бастап жақсылық жасауға баулиды. Ал, волонтерлікпен айналысу – алпауыт мемлекет азаматтарының ең басты қасиеттерінің бірі болып саналады. Осы бір ақысыз қызметпен, қайтарымсыз жақсылықпен айналысу – олар үшін мәртебелі іс. Тіпті, жас маманның аса бір қызмет өтілі болмаса да, түйіндемесінде ерікті болғаны туралы жазылса, жұмыс беруші тарап мұны жетістіктің бірі ретінде бағалайды. Сондықтан да ондағы колледж және ЖОО студенттері ерікті болуға асығады. Үйренетін бұл үрдіс біздің елімізде де орын алуы әбден мүмкін. Елімізде бұдан былай ерікті студенттердің еңбек кітапшасында волонтерлік еңбек өтілі жазылатыны соған барар басты қадам болып тұр. Бұл әдіс жастарды ерікті болуға шақырудың ең оңтайлы шешімі іспетті. Жалпы студент кезден бастап қайырымды іс атқарған жас өмір жолында жақсы бастамаларға мұрындық болып, саналы ұрпақтың қалыптасуына септігін тигізері хақ.

Қазақ қоғамында ерікті болу қанда бар қасиет секілді. Әлі күнге дейін қоғамда асарлатып үй іргесін құйып, қабырғасын өріп, баспана салу – осы сөзіміздің айқын дәлелі.

Еріктілік – әрбір адамның белсенділігін арттырып қана қоймай, өмірлік тәжірибелерді жинақтауға, әлемді басқа қырынан танып, мол сауап жинап, бос уақытты пайдалы әрі тиімді өткізуге мүмкіндік беретін бірден-бір жол. Сол себепті де, еріктілікке жұмсалған уақыт – адами прогресстің бастауы болмақ.

Біздің колледждің тәрбиелік бағыттарының бірі – студенттерді қоғамдық жұмыстарға белсенді жұмылдыру. Осы бағытта колледжіміздің студенттік ұйымы жеке тұлғаның имиджін қалыптастыруда ерекше іс-шаралар жүргізе білді. Соның жарқын нәтижесі ретінде небәрі ІІІ-курста білім алатын студентіміз Т.Казьминнің қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, азаматтық көзқарасын қалыптастырып, бүгінгі таңда Шымкент қаласы Жастар мәслихатының депутаты атануын айта кеткен жөн.

Сонымен қатар, колледжімізде волонтерлік қозғалысқа ерекше мән берілуде. Студенттерден құралған «Мейірімді топтар» ұйымы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне жыл сайын ерікті ретінде көмек көрсетеді. Студенттер қарттар үйі мен балалар үйін назардан тыс қалдырмай әрдайым қайырымдылық акциясын, концерттер өткізеді. Айтып келмейтін апат кезінде де жұмыла көтерген жүк жеңіл деген принциппен жүргізілген жұмыстардың ортасынан табылуға дайын жүреді.

Қазақстанда әлеуметтік еріктілік белсенді қарқын алған. Айтып келмейтін апатта, қарттар мен мүгедек азаматтарға, баспанасыз қалған отбасыларға Үкімет тарапынан көмек көрсетілсе де, еріктілер үстеме көмек беруден тайсалмайды. Осы тұрғыда еріктілік – әлеуметтік мәселелермен ғана шектелмейді. Спорт саласында, қоршаған ортаны қорғауда, мерекелік, халықаралық деңгейдегі іс-шараларда еріктілердің көмегі қажет. Бұл бағытта оқу ордамыздағы жігерлі жастарымыз өрістерінің кең екенін дәлелдей алды. Атап айтқанда, ел астанасында өткен «ЭКСПО-2017» көрмесінде үш тілді меңгерген, белсенді жастарымыздың шетелдіктерге төл мәдениетімізді дәріптеуі, спорттық салада да түрлі марафонға қатысуы соған негіз.

Қоғамға ең алдымен пайдалы адам керек. Қоғамды бір тірі организм деп алатын болсақ, еріктілер сол ағзаға қан тамырлар сияқты жақсылық таратушы. Олар үшін жұмыс ауыр немесе жеңілге бөлінбейді. Өз істерін қара жұмыс деп те санамайды. Ерікті адам өз уақытын, ерік-жігерін, бар күшін сарп етіп, шын ықыласпен қызмет көрсетеді. Ал, олардың қызметін марапаттап, қолпаштап отыру, тиісінше құрмет көрсету жақсылыққа жақсылықпен жауап беру емес пе?!

Жақсылық кереңнің ести алатын, соқырдың көре алатын дүниесі. Ал біз өз тарапымыздан жақсылық жасаушыларды сөзбен демеп, қолдан келгенше қолдау көрсетсек нұр үстіне нұр.

Елімізде кәсіпкерлердің саны жылдан-жылға артып келеді. Өз кәсібін дөңгелетіп отырған көптеген кәсіпкерлер жомарттық жағынан да қоғамға үлгі. Олар қаншама азаматтарды жұмыспен қамтып қана қоймай, түрлі қайырымдылық іс-шараларымен айналысып, ізгі қоғамның іргетасын қалауға әрекет етуде. Жомарттығын жариялылықтан жасыратын нағыз атымтай жомарттардың да есебі сансыз. Десе де, мұндай игілікті істі телеарналардан көрсетіп, газет-журналдар мен әлеуметтік желілерде дәріптеу жастарға үлгі. Мұндай кәсіпкерлерді бизнестегі волонтер деп атасақ қателеспейміз. Бизнестегі волонтерлардың өзі екіге бөлінеді. Бірі — өз еркімен қолдау жасайтын кәсіпкерлер. Екіншісі – жекелеген органдардың өтінішін жерге тастамай, қайырымдылықпен айналысатын кәсіпкерлер тобы. Осы орайда, екі топты да бөліп-жарудың негізі жоқ. Себебі, мақсат – бір. Ұлы ойшыл Сенека: «Жақсылыққа құр сөз арқылы шақырып, ынталандыру мүмкін емес. Адамның табиғаты сол – кез-келген нәрседе үлгіні қажет етеді», -дейді.

Әлемдік баспасөз беттерінде миллиардерлердің жасаған қайырымдылық ісі, бөлген қаражатының көлеміне дейін көрсетіледі. Технология саласында едәуір жетістікке жеткен Стив Джобс, Уоррент Баффет сияқты атақты кәсіпкерлер табысының бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсайтыны болашақ кәсіпкерлерге бай болудың бір сыры ретінде дәріптеледі. Бұл қазақ дәстүрінде бұрыннан жомарттық деп аталады. «Жомарттың қолын жоқтық байлайды», деген байлам да бар. Десе де, асқан дәулетсіз-ақ, жақсы сөзімен жарым көңілге демеу берген қазақ емеспіз бе? Тіпті, ертегі кейіпкері Алдар көсенің өзі сараң байларды сыбап, сынап қоятын әрекеті күлкімен келтірсе де, астарында тәрбиелік мән жатыр.

Жүрекке әжім түспейді. Жүрек қартаймайды. Жүрек қалауымен жасалған жұмыс жан сарайыңа тыныштық орнатары хақ. Сол себепті, ерікті азаматтардың жүрегі әрқашан мейірімге толы. Біздің ғаламшар – мейірім ғаламшары. Түптің түбіне келгенде біреуге жасаған жақсылығың өзіңе жасаған жақсылық емес пе? Адамның қолынан жақсылық та, жамандық та келеді. Мен өз тарапымнан болашақта ерікті бола алатын жастардың көбейгенін қалаймын. Себебі, біреудің мұң-мұқтажын түсіне білген адамнан қоғамға пайдалы тұлға шығады.

Қазақтың бас ақыны, Абай Құнанбайұлы «Жұмысы жоқтық, Қарыны тоқтық, Аздырар адам баласын», — деген.

Абай атамыз айтып кеткен бұл жолдар ешкім талас тудырмайтын аксиома екені бәріне аян. Ал мұндай «апатқа» түспеудің кезекті бір жолы – ерікті болу. Шындап келгенде еріктісі көп қоғамның қолы бос, құр жүрген адамы азаяды.

Еріктілер жылының бірінші жартыжылдығы да аяқталуға жақын. Бір ғана жылдың ішінде бүкіл шаруа шешіліп кетуі мүмкін емес. Бірақ, осы жылғы жұмыстардың нәтижесі ауыз толтырып айтқанға тұрарлықтай болып, нәтижесінде марапатталатын жастардың саны көбейе түссе, соның өзі ғажап. Себебі, жақсылық жасап жарысатын еріктілер саны көбейсе, қоғамның әлеуеті артып, жастар да уақытын тиімді пайдаланатын еді.

 

М. АРЫНБАЕВ,

Шымкент қаласы білім

басқармасының «Политехникалық колледжі» МКҚК директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары,

Ж. ОРАЗАЛЫ,

Шымкент қаласы білім

 басқармасының

«Политехникалық колледжі» МКҚК директорының

оқу-өндірістік жөніндегі

 орынбасары.