Маңызды

ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ ҚАРАЛҒАН 6 ТРИЛИИОН ТЕҢГЕ ЖЕЛТОҚСАНҒА ДЕЙІН ЖАРАТЫЛАДЫ

Қазақстан пандемияға ұласқан коронавирус зардабы мен төтенше жағдай режиміндегі қолайсыздықтармен күресу шараларына 6 трлн. теңге бағыттағаны белгілі. Оның 3,4 трлн. теңгесі республикалық бюджет есебінен болса, қалған 2,5 трлн теңге бюджеттен тыс қаражат болып табылады. Қомақты қаржының ішінде тек 125 млрд. теңге елімізде коронавирустың таралуына тұсау салуына бөлінген. Ал төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған азаматтарға екі ай қатарынан төленген 42500 теңге әлеуметтік көмек беруге 370 млрд. теңге қаралған. Ал қалған қаржы қайда?

Қаржы министрлігі дағдарысқа қарсы шаралар үшін жұмсалатын 6 трлн. теңгенің қандай мақсаттарға жұмсалатынын жіпке тізіп, жазып, жариялайды.

Ведомства ұсынған мәліметке сүйенсек, 6 триллионның теңгенің  1 трлн. теңгесі жұмыспен қамтудың жол картасын қаржыландыруға жұмсалады. Соның негізінде өңірлерде инфрақұрылымдық жобалар қолға алынып, оны жүзеге асыруға 255 мың жұмыс орны ашылады.

Тағы 1 триилион теңге  «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша шаруалар мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатындағы жеңілдетілген несиелер беруге жаратылады.

Тұрғын үй құрылысына қосымша 390 миллиард теңге бағытталады. Соның есебінен елдегі тұрғын үй құрылысының көлемін 15 миллион шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр.

Дағдарысқа қарсы бөлінген соманың 1,7 трлн. теңге қаражаты республикалық бюджеттің салықтық кірістерінің шығынын өтеу және сәйкесінше мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындауға игеріледі.

Сондай-ақ, 237 млрд  теңге жергілікті бюджеттердің шығындарын өтеуге бағытталады.

313 млрд теңге әлеуметтік төлемдердің (зейнетақылар, жәрдемақы лар, атаулы әлеуметтік көмек) 10 пайызға дейін қосымша индексациялауға, шәкіртақыларды көбейтуге және коммуналдық төлемдер үшін халықтың төлемдерін өтеуге жұмсалады.

«Еңбек», «Бизнестің жол картасы-2025», «Ауыл – ел бесігі» және агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау сынды мемлекеттік бағдарламалар  мүмкіндігінің азаматтар үшін барынша қолжетімді болуына 240 млрд. теңге қаралып отыр.

Сонымен қатар азаматтар мен эконмиканы қолдау, мемлекет басшысының тапсырмасын орындау сынды қосымша шығындар үшін 575 миллиард теңге бағытталған.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық мәселелер бойынша штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов республикалық «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатында дағдарысқа қарсы қаралған қаржының барлығы қаржы министрлігі көрсеткен негізгі бағыттар бойынша 2020 жылдың сәуір айынан бастап желтоқсан айына дейінгі ара-лықта игерілетінін шегеледі. Ол  қомақты қаржы төтенше жағдай жарияланғаннан кейінгі 1,5 айда жаратылып кетпегенін, ондай ойға да, әңгімеге де негіз жоқ екенін, 6 триллион теңге ешқайда жоғалып кетпегенін айтты.

 

А. НҰРТАС.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру