45 МЛРД. ТЕҢГЕ ЕСЕБІНЕН 8 МЫҢНАН АСТАМ ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛАДЫ

Пандемияға ұласқан коронавирустың жаппай таралуын барынша шектеу мақсатында елімізде ағымдағы жылдың 16-наурызынан бастап төтенше жағдай енгізілгені белгілі. Апта басында, дәлірегі 11-мамырда Қазақстанда төтенше жағдай режимі алынғанмен, өңірлерде карантин тәртібі әлі сақталып отыр.

Төтенше жағдай кезінде халықтың тұрмыс жағдайының әлсіреуін алдын алу мақсатында бірқатар қолдаулар көрсетіліп, табысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік көмектер тағайындалған. Сонымен қатар өңірлерге дағдарысты алдын алып, экономиканы дамыту мақсатында да қаржы қаралған. Айталық, Шымкент қаласы бойынша жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 224 жобаны қаржыландыру мақсатында 45 млрд. теңге қаржы бөлінген. Аталған жобалардың барлығы жүзеге асса, жиыны 8380 жаңа жүмыс орны құрылатын болады. Әзірге 223 жоба бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланған. Сондай-ақ, 67 жоба аясында 2 141 жұмыс орны ашылып, 532 азамат жұмыспен қамтылған.

Бұл деректерді Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр айтып берді.

Сонымен қатар ол, төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған азаматтар үшін берілген 42500 теңге әлеуметтік көмек қаладағы 282 745 адамға тағайындалғанын айтты.

Бүгінге дейін Шымкенттегі 17 593 отбасыға 2 млрд 411 млн. теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек төленген. Атаулы әлеуметтік көмек алған жанұядағы 27 986 мыңға жуық бала ай сайынғы азық-түлік пакетімен қамтылған. Өз кезегінде Ербол Садыр:

– Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік топтамаларды алатын азаматтардың қатары ұлғайтылған. Атап айтқанда, 6 жастан 18-ге дейінгі 31 737 балаға 517 млн.теңге, 16 жастағы мүгедек балалар мен барлық жастағы І, ІІ, ІІІ топтағы 34 149 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 189,7 млн теңге қаржы төленген.

Мүгедек бала тәрбиелеп отырған 4 843 ата-анаға 26 млн 900 мың теңге, жұмыспен қамту шараларына тартылған 4 292 адамға 23млн. 800мың теңге қаржы бағытталған,-деді.