ТАБИҒАТТЫ ТАМАШАЛАЙТЫН АЛАҢ ПАЙДА БОЛАДЫ

Табиғатты тамашалаудан әсемдікті көре білетін азаматтар үшін ақжолтай ақпарат. Осы айдың соңында Төлеби ауданы, Алатау ауылдық округіне кіре беріс аумақта табиғатты тамашалайтын алаң пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда нысанның құрылысы қарқынды жүруде.

 Алаңның аудандағы тау бөктеріндегі демалыс аймақтарына баратын Алатау ауылдық округіне кіре беріс жерінде орын тебуі тегін емес. Себебі дәл сол жерден Төлеби ауданының таулы келбеті әсем көрінеді.

Қысы да, жазы да туризм саласы үшін қолайлы аумақтағы бұл алаңда аспанмен таласқан тауы бар, тұнық ауасы тағы бар ауданға келген тұрғындар табиғаттың өзі тарту еткен көрініске көз тоқтатып, арнайы орнатылған дүрбі арқылы сұлу да коркем келбетті тамашалап, естелікке суретке түсе алатын болады.

Жергілікті тұрғындар мен аудан қонақтары үшін жасалып жатқан игілікті жобаның құрылысына бюджеттен 14,7 млн. теңге қаржы бөлінген.