ЖАНДАРБЕК БЕКШИН ТАҒЫ ДА СӨЗДЕН СҮРІНДІ

Осы аптада еліміздің бұрынғы бас санитары Жандарбек Бекшин жаңа қызметке кірісті. Алматы қаласының бас санитариялық дәрігері болып тағайындалған ол көп ұзамай тұрғындарға бетпердені көшеде киіп жүру қаншалықты дұрыс және бұрыс екені туралы мәлімдеме жасады.

Бекшин мырза ашық аспан астында бетперде тағып жүрудің зияны болмаса, пайдасы жоқ екенін айта келе, «Біз көшеде жүргенде бетперде тағып жүретін болсақ, оны ылғалдандырамыз.

Осылайша вирустың дамуына жағдай жасаймыз. Масканы тек жабық орындарда киген абзал. Көшеде киіп, онсызда қат тауарды артық жұмсаудың қажеті жоқ», — деп анық айтты.

Бірақ біршама уақыттан соң ол өзінің facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында теледидар арқылы айтылған сол сөзінің барлығын теріске шығарып, бұқаралық ақпарат құралдары оны дұрыс түсінбегені туралы уәж білдірді. Желідегі жазбасында ол «Масканы кию керек. Және бұл талапты сақтау қажет. Бұл бүкіл әлемге ортақ талап», — деді.

Жалпы Жандарбек Бекшиннің бұл сөзінен соң желідегі біраз жұрт оны қолдап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, оның өз сөзінен жалтарып жатқаны, ойды жүйелеп барып жеткізу керектігі туралы пікірлерін ортаға салғандар да болды. Жүздеген пікірлер арасында «Бекшин мырза коронавирустың келетін уақытын дөп басып айттыңыз. Енді қашан кететін датасын айтасыз ба?» деген кекесін сұрақтар жолдағандар да табылды.

Жандарбек Бекшин мырза жұрт арасында білікті маман ретінде бағаланады. Бірақ соңғы кездері оның бірқатар мәлімдемелері жұрт арасында қызу талқыға түсуде. Естеріңізде болса, өткен айдың басында ол әлемнің көптеген елдерінде ірге жайып келе жатқан COVID-19 вирусы туралы мамандар болжамын «Қазақстанға коронавирус «наконец-то» наурыз айының 11-17 аралығында келуі тиіс» деп жеткізген-тін. Сол кезде халық «құдды бір құдаңызды күткендей айттыңыз ғой», «тәжтажалмен келіскендей сөйледіңіз», «жамандықты шақырғандай болдыңыз» деп бас санитардың сөзін сынға алды. Арада бірер күн өткеннен соң, яғни, 13-наурызда елімізде COVID-19 тіркеліп, Бекшин айтқан болжам дәл келген. Соған қарамастан ол 20-наурызда қызметінен босатылды. Оның жауапты жұмыстан кетуіне өзінің коронавирус Қазақстанға қашан келетіндігі туралы болжамын мәлімдеуіндегі тұрпайы тіркестері түрткі болуы мүмкін.

Енді Бекшиннің масканы көшеде «кию қажет емес» деп, кейіннен «кию керек» деп өз сөзін өзі жоққа шығаруының салдары қазіргі қызметіне қалай әсер ететінін уақыттың еншісінде қалдырғанымыз жөн секілді.

 

А. САТЫБАЛДЫ.