КАРАНТИН ЕРЕЖЕЛЕРІН ЕЛЕМЕГЕНДЕРГЕ ҚАНДАЙ ШАРА КӨРУ КЕРЕК?

Қазіргі таңда коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде азаматтардың тұрғылықты және жұмыс орнынан тыс жерде жүруіне шектеу қойылғанынан барлығымыз хабардармыз. Бірақ бұл талапты сақтамайтындар табылып жатыр. Бұған негіз болатын біраз деректерді Шымкент қалалық Полиция департаменті өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында үздіксіз жариялап келеді.

 

Елімізде коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында төтенше жағдай режимінің жарияланғанына бір айдан аса уақыт толса да, шектеу шараларын сақтамай жатқандар әлі де кездесуде. Тәртіпке бағынбағандардың атын атап, түсін түстеп, оған берілген шара мен жазаны жариялы түрде көрсетсе де, ортақ ережені бұзатындардың көшіне ерушілер әлі де табылуда. Мың адамның қауіпсіздігі бір адамның жауапкершілігіне байланысты. Ал әлгіндей тәртіпке бағынбағандардың көшеде бейсауат жүруінің соңы вирусты жұқтырып, індеттің ірге жаюының себепкері болып жүрмесіне кім кепіл береді? «Үйде болыңыз» деген ескертулер әлеуметтік желі, теледидар, газет, радио және т.б арқылы үздіксіз хабарланса да, карантиндік тәртіпті қаперіне ілгісі келмейтіндерге не істеу керек? Жалпы ағымдағы жылдың 4-сәуірінен жабық қала режиміне көшкен Шымкентте карантиндік ережелердің толықтай сақталуын қалай қамтамасыз етуге болады?

Дәл осындай сұрақты бетке алып «Шымкент – мәңгі қала» қоғамдық ұйымы блиц-сауалнама жүргізген. Онда «Шымкенттіктердің карантин режимін сақтауын қалай қамтамасыз етуге болады?» деген сұрақ бойынша 500-ге жуық респонденттің пікірі сұралған. Сауалнамаға қатысқандардың 62,5 пайызы немесе 303 адам бұл сұраққа «айыппұл салу, қамауға алу сынды әкімшілік шараларды күшейту» қажет деген дауысты таңдаған. Ал 18,5 пайызы немесе 89 адам «егер тәртіпті бірнеше рет бұзса, оны қоғамдық жұмыстарға мәжбүрлеп тарту керек» дегенді қолдаған. Респонденттердің 57-сі немесе 11,8 пайызы төтенше жағдай режимін бұзғанды «БАҚ-та, әлеуметтік желілерде және теледидарда инфекция таратушысы деп фотосын жариялау керек» деген жауапты жөн деп тапқан. Сондай-ақ, 27 адам оның «тәртіпке бағынуына моральдық тұрғыдан әсер ету керек» деген дауысты таңдаса, қатысушылардың 1,6 пайызы немесе 9 адам «азаматтығынан айыру керек» деген нұсқаны қолдапты.

Шымкенттік тұрғындардың жалпыға ортақ тәртіпке бағынбайтын жерлестерін жөнге салу туралы ойлары осындай.

Қайткен күнде де тәртіпті бұзып заң бұзғанша, оны сақтап бар болайық.

 

Қ. ҚАЛИЕВ.