САРЫАҒАШТАҒЫ АТЫШУЛЫ ОҚИҒА АРҚЫЛЫ ХАЛЫҚҚА ТАНЫЛҒАН СЕЛТАНОВ КИЕЛІ КЕНТКЕ КЕЛДІ

Апта ішінде Түркістан қалалық полиция басқармасына жаңа басшы тағайындалды.

 

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы болып полиция полковнигі Бауыржан Селтанов бекітілді.

Киелі кенттегі полиция басқармасының жеке құрамына жаңа басшыны Түркістан облысы ПД-нің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.

Бауыржан Селтанов ішкі істер органы саласында 25 жылға жуық еңбек өтілі бар маман. Ол 1995 жылдан  бері Шымкент қалалық ІІБ, Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД Криминалдық полиция мен Штаб басқармасын басқарған. 2018 жылдан бастап Түркістан облысы ПД Ордабасы аудандық Полиция басқармасы бастығының қызметін атқарған. Өз кезегінде Түркістан облыстық Полиция департаментінің басшысы жаңа кадрдың тәжірибелі әрі кәсіби басшы екенін баса айтты.

Жалпы Бауыржан Селтановтың есімі түркістандықтар үшін таңсық емес. 2018 жылдың көктемінде Сарыағаш ауданы, Абай ауылында 7 жасар баланың зорланғаны туралы атышулы оқиға бойынша БАҚ-тарда жарияланған материалдарда Бауыржан Селтановтың есімі жиі көрініс тапты. Яғни, аталған оқиға бойынша сол кездегі облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бірқатар шенеуніктерге шара көрді. Атап айтқанда ол, сол кездегі өзінің орынбасары болған Ұласбек Сәдібековке қатаң сөгіс жариялады. Сарыағаш аудандық Жергілікті полиция қызметінің басшысы Бердалы Оразгелдиев қызметінен босатылса, 7 жасар баланы зорлады деп айыпталған жасөспірімдер оқитын №74 мектеп директоры қызметінен уақытша шеттетілді. Мектеп директоры Бейбіткүл Селтанованың бұлайша «жұмсақ» жазамен шектелуін оның Сапарәлі Селтановтың келіні екендігімен байланыстырғандар көп болды. Сол кезде оның бір ұлы Бауыржан Селтанов Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД Криминалдық полиция басқармасының басшысы орынтағында отырған. Ал екінші ұлы Ералы Селтанов Сарыағаштағы ауруханаларда дәрігер болып қызмет ететін. Ел назарын аударған бұл оқиға кезінде жәбір көрген 7 жасар баланы қоғам белсенділері жүрдек пойыз арқылы Алматыға қарай қайта сараптама жұмыстары үшін әкетіп бара жатқанда облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері оны жолдан түсіріп алғаны туралы ақпарат тез таралған-тын. Департамент өз қызметкерлерінің бұл әрекеттерін баланың қауіпсіздігі мен құқын қамтамасыз ету үшін жасалды деп түсіндірген. Сол кезде жаға ұстатқан бұл жәйт Бауыржан Селтановтың ықпалымен болғаны туралы болжамдар да болды. Бұл туралы қазір де желіде біраз адамдар өз ойларын ашық айтуда. Бірақ Түркістан облысы Полиция департаменті полковник Бауыржан Селтановқа қатысты сол кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және ҚР ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік департаментімен тексеру жүргізіліп, оның бұл іске қатысы жоқ екені дәлелденгенін алға тартуда.

Қайткен күнде де Бауыржан Селтанов Түркістан қаласының криминогендік ахуалын жақсарту сеніп тапсырылып отыр. Жалпы оған артылған жүк жеңіл емес. Жуырда ғана Түркістан облысы прокуратурасының былтыр Түркістан қаласында жасөспірімдер жасаған құқық бұзушылық 2018 жылмен салыстырғанда 66 пайызға көбейгені туралы дерегі сол сөзімізге негіз болады.

Қ. ҚАЛИЕВ.