ШЫМКЕНТТЕ ӨТЕТІН ШАРАЛАР КЕЙІНГЕ ШЕГЕРІЛДІ

«Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанаты 20-наурызға белгіленген болатын. Бірақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Қажымұқан» атындағы Орталық стадионда өткізілетін бұл шара кейінгі шегірілді. Мұндай шешім елде коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында қабылданды. Сақтық шаралары ретінде маңызды жиындарды өткізуді кейінгі шегерудің басты себебі Covid-19 коронавирусының пандемия яғни, бір мезетте әлемнің көп еліне ауыз салып үлгеретін індет ретінде жариялануы болды.

Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде қала әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков мәлімдеді. Сонымен қатар ол, бұған дейін «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанатына орай өткізілетін концерт туралы хабарландыру бойынша билет алған азаматтардың ақшасы қайтарылатынын, ал шараның нақты қашан өтетіні әзірге белгісіз екенін атап өтті.
Қала әкімінің орынбасары Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін атап өту іс-шараларын тоқтатуды да жөн санап отырғанын жеткізді.
Жалпы «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» бағдарламасына орай бекітілген мерекелік шаралардың кейінгі шегерілетінін халық іштей сезіп жүрді десек те болады. Осыған орай аптаның сәрсенбісінде дәл осы ақпараттық-коммуникациялық орталықта қалалық туризм басқармасы басшысының м.у.а Азамат Қалқабаевқа журналистер «Коронавируске орай сақтық шараларын күшейту үшін біраз елдерде, соның ішінде Қазақстанда да халықаралық жиындар кейінге қалдырылып жатыр. Соған сәйкес 20-наурызға белгіленген «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанаты өткізілмеуі мүмкін бе?» деген сұрақты көлденең тартқан еді. Сол кезде А. Қалқабаев шара өткізілетінін нық сеніммен мәлімдеген. Бірақ…
Дәл сол күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жетекшісі Тедрос Аданом Гебрейесус коронавирустың пандемияға ұласқанын хабарлады. Осыған орай кеше ҚР ПРезиденті Қасым-Жомарт Тоқаев індет бойынша сақтық шараларын күшейту мақсатында қоғамдық шаралардың уақытша тоқтатылатынын әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы мәлімдеді.
Президент тапсырмасына сәйкес бүгіннен бастап, елімізде мерекелік, спорттық, мәдени-көпшілік шаралар, конференциялар, семинарлар мен көрмелерді өткізуге тыйым салынады. Барлық өңірлердегі халыққа қызмет көрсету орталықтары, коммуналдық шаруашылық мекемелері, тамақ өнеркәсібі орындары, базарлар, қонақ үйлер, әуежайлар мен теміржол вокзалдарында күшейтілген санитарлық дезинфекциялық режим енгізіледі. Әлеуметтік нысандардарға баруға шектеу қойылады. Орта білім беру ұйымдарының каникулға шығуы бір апта ерте дәлірегі, 16-наурызда басталады. Демалыс мерзімі 5-сәуірге дейін жалғасады. Наурыздың 16-сынан бастап кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындары мүмкіндігінше қашықтықтан оқуға көшеді. Сонымен қатар, кинотеатрлар жұмысы уақытша тоқтатылып, спорттық іс-шаралар көрермендерсіз өткізіледі.
Соңғы дерек көздеріне сүйенсек, коронавирус әлемнің 124 еліне таралып үлгерді. Ауру 126 мыңнан астам адамның бойында байқалған. Бүгінге дейін Covid-19 кеселі 4600-ден астам адамды ажал құштырды.
Бүгінге дейін Қазақстанда коронавирус тіркелмеген.

Қ. ҚАЛИЕВ.