ШЫМҚАЛА СОТЫНДА АБАЙ ОҚУЛАРЫ ӨТТІ

Биыл қазақ әдебиетінің классигі, данышпан, ағартушы және «Қарамола» Ережесі» деп аталатын заң нұсқасын жазған Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Осы мерейтойға орай Шымкент қалалық сотында «Абай – қазақ құқығының білгірі» тақырыбында АБАЙ ОҚУЛАРЫ өтті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараға келген қонақтар мен қатысушылар ақынның өмірі мен шығармаларына арналған кітап көрмесімен танысып, Абай туралы деректі фильмді тамашалады.
Шымкент қалалық сотының төрағасы Е.Рахымбеков жиынды ашып: «Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, аудандық, қалалық соттарда 6 ауқымды шара өткізу көзделген. Мұның барлығы сот қызметкерлерінің ой-өрісін кеңейтіп, рухани жаңғыру мақсатында ұйымдастырылады. Президент Қ.Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ұлы ақынның шығармалары бүгінде өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары қашанда рухани азық бола алады. Бүгінгі шараға абайтанушы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, сот қызметкерлері, Билер кеңесінің мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып отыр» — деді.
Абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің доценті М.Әліпханұлы «Ұлы Абайдың мұрасы – халықтың рухани қазынасы» тақырыбында баяндама жасап, Абайдың адамгершілік және «Толық адам» идеяларын түсіндіріп берді. Қалалық соттың алқа төрағасы М.Парменов пен Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Р.Жұмаділова «Абай жазған «Қарамола» Ережесі» – рухани құндылық» және «Абайдың дауларға қатысты бітім-биліктері» тақырыптарына жан-жақты тоқталып, Абай – әділ биліктің үлгісі деп, кейбір тың пікірлерді айтып, тыңдармандарға ой салды. Алқа төрағасы Мұхтар Абайұлы өзінің баяндамасында, ХIХ ғасыр – қазақ тарихындағы ауыр кезең болды.

Әсіресе, бұл ғасырдың екінші жартысында патша үкіметінің басқару жүйесінде елеулі өзгерістер орын алып, отарлау саясаты тамырын кең жайды. Оның үстіне айналадағы тар қыспақ, темір бұғау қазақтардың еңсесін көтермей, патша үкіметі билер сотын таратуды бастады. Осы тұста 1885 жылы қазақ ойшылы Абай Құнанбайұлы Қарамола ережесін жазды. Өткен тарихта ата-баба дәстүрін жетік білген, даланың жазылған, жазылмаған заңдарын екшеп сұрыптап, кәдеге жаратқан Абай: «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», Әз Тауке Ханның «Жеті жарғысын» білмек керек», – деп билікке келген азаматтардың көп оқып, көкейіне түйгені мол адам болу керектігін талап етті. Абай бұл ережеде дала заңдарының принциптерін барынша кіргізіп, патшалық Ресей заңдарынан қашқақтады. Ереженің 10-нан астам бабы қалмыстық құқық пен жазаға арналды. Оның ішінде ұрыс-төбелес, ұрлықты қайта жасау, адам денесіне зақым келтіру, зардап шегушілерге көмек көрсету мәселелері қарастырылды. Заң жобасында демография-лық тұрғыдан алынған әйел теңдігі, әйел бостандығы жайында сол кезде ешбір ресми заңда жоқ жаңа, озат қағидалар алынып, жер дауы, жесір дауы, мал дауы, мұрагерлік, барымта, ұрлық туралы қатал, әділ баптар қабылданған. Қарамола ережесінің бүгінгі қолданыстағы заңдарымен үндесуі де осыған байланысты екендігін айтты. Осылайша, Шымкенттің судьялары жұртшылыққа Абайдың өз заманында төбе би болып, «Қарамола» Ережесін жазып, ел басқарудың ауыр жүгін көтерген заңгер ретінде, тағы бір қырынан танытты. ОҚМПУ-дың 1-ші проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Б. Исабек «Абай – ұлы ойшыл және ағартушы» тақырыбында сөз қозғап, рухани мәдениетті дамытудағы Абайдың ағартушылық рөліне тереңінен тоқталып өтті. Шара барысында, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қ. Шойынбай Абайдың әндерін шырқаса, актер Е. Шымырқұлов ақынның рөліне еніп, ақынның қара сөздерін мәнерлеп айтып жеткізді. Пікір алмасуда, еңбек ардагері А. Құрманбаев сөз алып, — бүгін, мен Абайдың ақын ғана емес, сонымен қатар, ел ішіндегі дау-жанжалды әділ шешетін төбе би болған және дау-дамайды қарағанда қарапайым халықты қорғаған қоғам қайраткері екендігіне көзім жетті – деп ризашылығын білдірді. Ал, Абай аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұ. Башенов өз сөзінде, «Абай жылы – бұл қоғамдағы құндылықтар жүйесін қалыптастыру кезеңі. Ол патриоттық сезімге, әділдікке, білімділікке және өз-өзімен үнемі жұмыс істеуге негізделген. Абайдың би және заң шығарушы ретіндегі еңбектері жөнінде тыңдап, қалалық сотта өтіп жатқан ерекше форматтағы шараның жаңашылдығы мен маңыздылығын атап айтқым келеді.» — деді. Жиын соңында М. Парменов: «Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев айтқандай: «Біз егемен ел ретінде өсіп өркендеуіміз үшін мемлекеттілігімізді нығайтуымыз керек. Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтаумыз қажет. Осы ретте тағы да Абайдың мұрасына зейін қойған абзал.» – деген сөзін басшылыққа алып, Абайды оқып-білуге және дәріптеуге арналған шараларымызды жыл бойы жалғастыра береміз» – деп, іс-шараны қорытты.

Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
Шымкент қалалық сотының баспасөз хатшысы.