ІЗЕТТІҢ ІСІ ҚАЛАЙ ІЛГЕРІ БАСТЫ?

Оқу оқып, жұмысыңды оңалтасың. «Еңбек» бағдарламасының міндеті мен мақсаты дәл осындай принципке негізделген. Былтыр осы «Еңбек» бағдарламасы бойынша Шымкентте көптеген адамдар тігінші, аспаз-кондитер, шаштараз, маникюр мен педикюр шебері сынды кәсіптерді меңгерді. Олардың 80 пайызы екі қолға бір күрек тауып, жұмыссыз мәртебесімен біржола қош айтысты. Жұмыс тапқандардың басым көпшілігі өздерінің жеке кәсіптерін ашты.
Солардың бірі Ізет Ильясов. Ізет (суретте) бүгінде жиырманың екеуіне келген азамат. Былтыр ол Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген-тін. Қазіргі таңда жас кәсіпкер атанған. Қалай?
Өткен жылы жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген оны сала мамандары «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына «Бизнес бастау» жобасы бойынша оқытуға жібереді. Оқыту барысы 24 күнге жалғасады. Оқудан соң оған арнайы сертификат табыс етіледі. Содан соң ол бизнес жоба әзірлеп, «Еңбек» бағдарламасы бойынша мемлекеттік грантқа қатысады. Оның жобасы комиссияның оң бағасын алып, бағдарлама негізінде тегін грант алады. Сөйтіп, Ізет ол қаржыға шаурма мен лаваш тағамын дайындауға аса қажет мұздатқыш камера мен пеш сатып алып, өзінің шағын кәсібін ашады.
Өткен жылы Шымкентте «Еңбек» бағдарламасы бойынша 3478 адам грант алған. Өтеусіз қаржы көлемі 505 мың теңгені құрайды. Қала бойынша грантты ұтып алған азаматтардың басым көпшілігі 30 жасқа дейінгі жастар болып табылады.