БАЙДУВАЛИЕВ ӨЗ ЕРКІМЕН ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТТІ

Енді, денсаулық саласы қалалық білім басқармасы сынды жылдар бойы басшысыз қалмаса игі болар еді.

Осы аптада Асхан Байдувалиев Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысы қызметінен босатылды. Күні кеше Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов журналистерге осы жағдайға қатысты қойылған сұраққа «ол өз еркімен, отбасылық жағдайына байланысты кетіп жатыр»,- деп жауап қатты.

Асхан Байдувалиев бұл қызметке былтыр сәуір айында бекітілген еді. Жаңа қызметке тағайындалу кезінде оған сол кездегі қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымов шаһарда денсаулық сақтау саласы бойынша үлкен проблемалар бар екенін, оны шешуде өзіне зор сенім артатынын айтқан болатын.
Одан кейін аз уақыт ішінде орысша сөйлеуге әбден жаттыққан жаңа басшы, қазақы қалың өңірдің денсаулық сақтау саласын жақсартуға кірісіп қана қоймай, мемлекеттік тілді меңгеруге де барын салып кеткенін байқатқан еді. Оған түрлі жиындар мен басқосуларды қазақ тілінде жүргізіп, өзіне бағытталған сұрақтарға қазақша жауап беріп жүретіні жарқын мысал болады. Бұл оның кез келген ортаға тез бейімделе білетін қасиеті мен білімділігінің белгісі екені сөзсіз.
Оның қызметтен кетіп бара жатқаны ресми түрде хабарланды. Дей тұрғанмен, ол өзі де желідегі парақшасында басқарма басшысы қызметінен кетіп жатқанын айтып, әріптестері мен қала тұрғындарына алғысын білдірген. Республикалық маңызы бар қалада жауапты қызметтің тұтқасын ұстаған осы уақыт ішінде, үлкен тәжірибе жинағанын да жасырмапты. Өз кезегінде желі қолданушылары экс- басшыға ақ жол тілеп, оның қызметі мен адамгершілігіне қатысты жылы пікірлерін жарысып жазуда.
Әзірге басқарма басшысы міндетін уақытша атқарушы болып бұған дейін басқарма басшысының орынбасары болған Тимур Варзилов тағайындалды. Енді бұл басқарманың басшысы орынтағы қай уақытқа дейін бос тұратыны белгісіз. Әйтеуір қалалық білім басқармасы сынды жылдар бойы басшысыз қалмаса игі болар еді.

«Уақыт».