ТҰРҒЫНДАР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫНА МӘЗ ЕМЕС

Шымкентте көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы көп тұрғынның көңілінен шықпайды. Жуырда еліміз бойынша халық арасында «Өңірде мемлекеттік қызмет көрсету сапасына көңіліз тола ма?» деген әлеуметтік сауалнама жүргізілген.

Барлығы 14 мыңнан астам респонденттер қатысқан сауалнама нәтижесінде Шымкент 16-орынға жайғасқан. Яғни, үшінші мегаполис ең соңғы орыннан бір саты жоғары тұр. Республикадағы 17 аймақта мемлекеттік қызмет көрсету сапасының қай деңгейде екенін анықтауға сеп берген бұл сауалнама кезінде зерттеу жұмыстарын барынша тұнық жүргізу үшін адамдармен сұхбаттар да болған.

Осыған орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті қалалық әкімдіктегі басқарма басшыларының басын қосып, жиын өткізді. Басқосуды департамент басшысының орынбасары Айбек Шілманов жүргізді. Өз кезегінде ол халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы қызметкерлерге қатысты шағымдардан толық тізім жасауға болатынын батырып айтты. Сауалнамаға қатысқан көп жұрт қаладағы халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы мамандардың артық құжат сұратып, адамдарды сабылтатынын, құжаттарды өте баяу рәсімдеп, төзімді таусатынын, дөрекелік танытып, қажетті мәліметтерді мардымды айтпайтынын ашық көрсеткен екен. Тіпті халықты жұмыспен қамту орталықтарында бір қызметкер қызмет барысын жеңілдету үшін келушіден сыйақы дәметкені де жасырылмай, жеткізіліпті. Осыған орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің орынбасары Айбек Шілмановқа қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаев айтылған сын-ескертпелерді назарға алып, қызмет сапасын жақсарту үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыратынын айтты.

Сонымен қатар, респонденттер медицина мекемесіндегі мамандар мен тәртіп сақшыларының қызметтеріне көңілі толмайтындығын нақты дәлелдермен айтыпты.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары тиісті басқарма басшыларына олқылықтың орнын толтыруды талап етті.

Өз кезегінде басқарма басшылары сауалнама нәтижесіне қатысты мәлім болған кемшіліктерді жою үшін тиісті жұмыстарды орындайтынын жеткізді.

Айтпақшы, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын 5 балдық шкала бойынша бағалау сұралған сауалнама нәтижесі бойынша алғашқы үштіктің қатарында Ақмола, Қостанай, Қарағанды облыстары тұрғанын айта кетейік.

 

А. САТЫБАЛДЫ.