Қатерлі ісік көбейіп барады

Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққандардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Былтыр елімізде 36 345 адам обыр дертіне шалдыққан. Олардың 27%-ы І-сатыдағы науқастар. Ал диспансерлік есепте тұрғандар саны 180 мыңға жуықтайды. Қатерлі ісік дертіне шалдыққан науқастар саны өзге өңірлермен салыстырғанда Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында көп тіркеледі.

Алматы қаласында 4-ақпан Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күніне орай өткен конференция барысында Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Диляра Қайдарова осындай мәлімет келтірді.
Оның айтуынша қазіргі таңда Қазақстанда онкологиялық аурулардың ерте анықтау диагностикасы дамыған. Сонымен қатар жыл сайын науқастардың саны арта тусумен қатар, тиісті ем-домның арқасында өмірлерін 5 жыл немесе одан да көп уақытқа ұзартып жатқандардың да қатары өскен.
Бас онколог «Қазір Қазақстанда онкологиялық скринингтің 3 түрінен тегін өтуге болады: 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер сүт безі обырына, 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер колоректалды обырға тексеріле алады. Сондай-ақ, 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдерге арналған жатыр мойны обырына скрининг жасалады. Аталған үш скрининг емханаларда тегін жүргізіледі», — деді.
Қазақстанда қатерлі ісіктің ең көп таралған түрі өкпе обыры болып тұр. Дәрігерлер өкпе обырының пайда болуына темекі мен экологиялық жағдай, дәлірегі көмір жағу арқылы шығатын түтіндер кері әсерін тигізетінін айтады. Қатерлі дертке шалдыққан қазақстандықтардың көпшілігі осы өкпе обырынан көз жұмады екен. Екінші орында асқазан, үшінші орында сүт безі қатерлі ісігі болып тұр.
Тек Қазақстанда емес, әлемде де қатерлі ісіктің ең көп таралған түрі – өкпе обыры. Осыған орай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен жер жерлерде өкпе обырына скрининг жүргізіле бастады. Еліміздің бас онкологы Диляра Қайдарова Қазақстанда өкпе обырына скрининг жүргізу процесі қазіргі таңда Павлодар, Қостанай, Өскемен қалаларында өткізіліп жатқанын мәлімдеді. Ол бұл қалалардың таңдалынып алынуын сол қалаларда өкпе обыры көп таралғандығымен түсіндірді.