ҚАЗЫҒҰРТТА ҚАНДАЙ ІСТЕР ҚАРҚЫН АЛДЫ?

Кешегі аптада ел алдына шығып, есіп берген басшылардың бірі Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев болды. Төлеген Телғараев әкімдік қызметін өз деңгейінде алып жүрген кадрлардың бірі. Ол бұл қызметке 2016 жылдың сәуір айында тағайындалған. Сол кезде аймақ басшысы тау баурайындағы Қазығұртпен қатар, Ордабасы ауданының да әкімін жаңартқан еді.
Дәл сол айда Ордабасы тұтқасы Алмасбек Мамытбековке сеніп тапсырылған-тын. Содан бергі төрт жыл ішінде Ордабасы ауданының әкімі төрт рет ауысты. Атап айтқанда, 2017 жылдың тамызында бұл қызметке Рашид Қайыпжанов келді. 2018 жылдың шілдесінде ол қызметінен алынды. Содан соң Ғалымжан Үсенбаев аудан әкімі міндетін уақытша атқарушы болып жүрді. 2019 жылдың басында аудан тізгіні Қайрат Жолдыбайға берілген. Көп ұзамай, дәлірегі, сол жылдың шілдесінде Әліпбек Өсербаев аудан әкімі болып тағайындалды. Бұл салыстырмалы көрсеткішті тілге тиек ету арқылы біз Төлеген Телғараевтың төрт жыл бойына тапжылмай отыруы аудан халқының сеніміне ие болғандығының нақты нышаны деп түсінгенімізді айта кеткенді жөн санап отырмыз.
Аудан әкімінің бір жылда атқарылған жұмысы қалай сараланды? Қандай мәселелер екшелді? Алда қандай бағыттарға басымдық беріліп отыр? Осы жөнінде аз-кем ақпар бере кетсек.
Былтыр ауданның әлеуметтік экономикалық көрсеткіші табысты болды. Ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 130 782,1 млн. теңгеге орындалған. Аумаққа тартылған инвестиция көлемі 19 851,1 млн. теңгені құраған. 2019 жылға аудан бюджетінің жалпы көлемі 22 709,1 млн. теңгеге бекітіліп, бюджетті нақтылау барысында 5 680,1 млн. теңгеге артып, жылдық жоспар 28 389,2 млн. теңге болған. Жергілікті түсім 1 746,7 млн. теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіштердің барлығы 2018 жылмен салыстырғанда бірнеше есеге көбейген.
Өнеркәсіп саласында да өсу бар. Ауданның индустриялық аймағында 5 жоба орналастырылған. Соның бірі «CG Foods Central Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Былтыр аталған серіктестіктің «Тез әзірленетін тағамдар» өндірісі қайта жаңғыртудан өткен. Нәтижесінде зауыт қарқыны артып қана қоймай, онда тез әзірленетін «Қазан» және «Wai-Wai» маркалы кеспе өнімінің 10 түрін шығару ісі жолға қойылған. Жалпы ауданда түтіні түзу шығып тұрған 19 кәсіпорын бар. Былтыр бұл өндіріс орындарында барлығы 7 840,3 млн. теңгенің өнімі өндірілген.
Аудан экономикасының басты тірегі ауылшаруашылық саласы. Былтыр Қазығұрттағы ауыл шаруашылық саласының жалпы өнім көлемі 38743,5 млн. теңгеге орындалған. 2018 жылы аудандағы егіс көлемі 83 983,1 гектарды құраған болса, 2019 жылы оның аумағы 84 526,8 гектарға дейін ұлғайған. Алқаптан түскен ризық көлемі де көңіл тоғайтарлық. Атап айтқанда, дәндік жүгеріден 2167,9 тонна, көкөністен 12 672,7 тонна, бақшадан 3619,6 тонна, ақтүйнектен 8070 тонна өнім жиналды. Ал масақты дақылдардан 105 510,4 тонна өнім алынған. Бидайдың орташа өнімділігі 24,5 центнерді құраған. Ауданнан экспортталған тауарлар көлемі де алдыңғы жылмен салыстырғанда 17,8 пайызға көбейген. Ауданда өндірілген көкөніс, бақша дақылдары еліміздің барлық облыстарына жөнелтіліп қана қоймай, көрші елдерге де саудаланған. Яғни, 2019 жылы Қазығұрт ауданынан Өзбекстан Республикасына 4080 тонна бидай, 805 тонна ет, Қытай Халық Республикасына 500 тонна өсімдік майы, Ресей мемлекетіне 25 тонна лимон, 22 тонна шұжық өнімдері экспортталған. Бұл көрсеткіштерді көбейту алға қойған негізгі міндеттердің бірі. Оған қол жеткізу жолында шешімін күтіп отырған мәселелер бар. Олар игерілмей жатқан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару арқылы, егістік алқабын ұлғайту, тамшылатып суғару әдісін кеңінен қолдану, жылыжай, қарқынды бау аумағын көбейту мен мал басын асылдандыру болып табылады.
Коммуналдық сала бойынша да жоспарлы міндеттер жетерлік. Соның бірі ауыз су мәселесі. Қазіргі таңда ауданда 64 елді мекен бар болса, соның 48-не құбыр суы тартылған. 2021 жылға қарай аудан халқының 95,3 пайызын табиғи газбен қамту көзделіп отыр. Электр жүйелерін жаңарту бойынша атқарылған жұмыс ауқымы жетерлік. Былтыр аудан көлеміндегі елді мекендерде 45,57 шақырым ескі электр желісі жаңартылды. Барлығы 1067 дана электр бағаналары мен 12 дана трансформатор ауыстырылды. Мұндай жұмыстар осы жылы да жалғасын табатын болады.