Маймақовтың айтқан шындығы…

Түркістан облыстық балалар ауруханасының бұрынғы бас дәрігері Әнуарбек Маймақов екі ай мерзімге үйқамаққа алынды. Күнгей өңірінің ең маңызды денсаулық сақтау нысандарының тұтқасын 10 жыл уақыттай ұстаған ақ халаттыға сеніп тапсырылған мүлікті иемденді немесе ысырап етті деген айып тағылған. Оған тағылған айып Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті жүргізген сотқа дейінгі тергеу шеңберінде тағылған. Ал санкцияны 17-қаңтарда Шымкент тергеу соты шығарған.

Тергеудің барысы туралы мәліметтер әзірге ашып айтылмайтыны айдан анық. Дей тұрғанмен оның қорғаушысы Сапар Әміртаевтың сөзінше Ә. Маймақов Түркістан облыстық балалар ауруханасының бас дәрігер болған кезінде аурухана атынан адвокатпен келісім шарт түзіп, олардың біріне 400 мың, екіншісіне 280 мың теңге аударған екен. Аударылған ақшалар үшін адвокаттар ешқандай кәсіби қызмет көрсетпегенге ұқсайды. Енді осыған байланысты тергеу басталып, ауруханада тексеру жұмыстары жүргізілмек. Оған тағылған баптың санкциясы күдіктіні екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығына айыру жазасын көздейді. Айыппұл төлеу де қарастырылған. Алдағы уақытта бұл іске қандай нүкте қойылатынын «Уақыт» газеті өз оқырмандарына хабардар ететін болады.
Былайғы жұрт үшін Әнуарбек Маймақов балалар ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарған азамат ретінде жақсы таныс. Өз әріптестерінің арасында ол білікті маман болумен қатар, шындықты шырылдап айтатын азамат ретінде де бағаланады. Ол Түркістан облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері болған жылдарында өз саласында болып жатқан түрлі шикіліктерді бүкпелемей, барынша тарқатып айтудан тайсалмайтын.
Естеріңізде болса, 2017 жылдың шілде айында ол жергілікті AQ-QARA.kz сайтына берген сұхбатында денсаулық сақтау басқармасы басшысының өңірде тіркелген ана өлімі туралы есебі шындықтың ауылынан алыс жатқанына көз жеткізгенін, және бала өлімінің себептерімен күрес жұмыстары да өз деңгейінде жүргізіліп жатпағанына қынжылыс танытқан. Сонымен қатар ол, сол жылдың басында Түркістан қаласындағы №4 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында анықталған туберкулез дертімен күрес жұмыстары тиісті деңгейде еместігін тілге тиек еткен. Дәл сол сұхбат барысында ол, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқ ан Егізбаевтың облыстың медицина ұйымдарының бірінші басшыларына бұқаралық ақпарат құралдарына берілетін ақпараттарды алдын ала басқарма басшылығымен немесе басқарманың ресми баспасөз хатшысымен міндетті түрде келісу қажеттігін ескертетін хат жолдағанын да қисынсыз әрекет деп танитынын да айтып өткен.

«Уақыт».