ЖАРНАМА ОРНАЛАСТЫРУДЫҢ ӨЗ ЖӨНІ БАР

Былтыр Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Соның негізінде азаматтар арасында сыртқы (көрнекі) жарнаманы орнатуға рұқсат алу тәртібі өзгерген. Бұл заң өткен жылдың 11-сәуірінен бастап күшіне енген. Содан бері азаматтар арасында сыртқы жарнаманы орналастыру бойынша қандай рәсімдерден өту қажеттігі туралы сұрақтар туындаған.

Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Жеңіс Байымбетов осы жөнінде толыққанды ақпарат береді.
Сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте орналастыру жер учаскесіне тиісті құқық негізінде және мынадай кезеңдермен жүзеге асырылады:
– эскизді (эскиздік жобаны) әзірлеу үшін сәулет-жоспарлау тапсырмасын (бұдан әрі – СЖТ) және техникалық шарттарды алу;
– эскизді (эскиздік жобаны) жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесімен келісуден өткізу;
– сыртқы (көрнекі) жарнама объектісін орнату.
Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сыртқы (көрнекі) жарнаманы елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуінде, елді мекендерден тыс жердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте және жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуінен тыс жерде орналастыру туралы хабарлама «Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы» ММ жіберілген жағдайда жол беріледі.
Басқармаға жіберілетін хабарламада төмендегідей құжаттар қоса тіркеледі:
— сыртқы (көрнекі) жарнама орналастырылатын кезең мен орын туралы ақпарат бар мәліметтер нысаны;
— Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырудың бірінші айы үшін төлемақының енгізілгенін растайтын құжат;
— Нобайларымен қоса жарнаманың қазақ және орыс тілдерінде еркін нысандағы сипаты қоса беріледі.
Сыртқы (көрнекі) жарнамаға салық салу ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне сәйкес реттеледі.