ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ ЖЫРТЫҚТЫ ЖАМАУҒА ӘРЕҢ ЖЕТЕДІ

Picodi.com компаниясы халықтың қажеттіліктері мен ең төменгі жалақы арақатынасы бойынша рейтинг жасады. Онда 54 елдегі ең төменгі жалақы көрсеткіші сараланды. Тізімде Қазақстан 42 500 теңге көлеммен соңғы орынды иеленді. Мамандар ол қаржының 60 пайызға жуығы бірінші кезектегі азық түлік өнімін алу шығындарын құрайтынын алға тартты. Бұл туралы NV.kz жазады.
Өз кезегінде мамандар ең төменгі жалақының 60 пайызы жұмсалатын азық-түлік себетінің түрлері мен өлшемін былай деп тізіп көрсетеді. 10 литр сүт (2932 теңге), 10 бөлке нан (990 теңге), – 1,5 келі күріш (476 теңге), 20 дана жұмыртқа (574 теңге), 1 келі ірімшік (2237 теңге), 6 келі ет (10 034 теңге), 6 келі жеміс- жидек (3076 теңге), 8 келі көкөніс (1881 теңге);
Осы азық-түлік қоржыны үшін төленетін қаржы сомасы 22 мың теңгеден асып түскен. Бұл өткен жылғы сомадан 6,15 пайызға көп. Ал егер бұл тізімге қаймақ, шұжық, макарон, қант, шай сынды өнімдерді қоссақ шығын көлемі ұлғая түсетіні сөзсіз. Бұдан бөлек, қоғамдық көліктерде жол жүру, коммуналдық қызметтер мен жеке гигиена құралдары үшін кететін қаржыны санамалаласаң қалтаңыздың түбі көрініп қалатыны анық.

Бұл Қазақстанда ең төменгі 42 500 теңге жалақы жыртықты жамауға әрең жетеді деген тұжырым түйгізеді.

C. НҰРАЙ.