СЕМЕЙГЕ МЕГАПОЛИС СТАТУСЫ БЕРІЛСІН!

«Ақ Жол» партиясының депутаттары еліміздің Премьер-Министрі Асқар Маминге осындай ұсыныспен депутаттық сауал жолдады.
Аталған партия депутаттары өз ұсыныстарында ҚР «Әкімшілік аумақтық құрылысы туралы» Заңнын 3-бабына сәйкес, республикалық маңызы бар қалалар қатарына халқының саны бір миллион адамнан асатын елдімекендер немесе ерекше мемлекеттік маңызы бар қалалар жататынын алға тарта келе, Семей қаласы – дәл осы ерекше мемлекеттік маңызы бар қала екендігін бірнеше мысалдармен келтіре кеткен.
Өз кезегінде ақжолдықтар Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында Семей қаласын Қазақ руханиятының алтын бесігі, Абайдың елі деп екшеген. «Ғасырлардың тоғысында ұлтымызды оятушы да, ұялтушы да – Ұлы Абай!» деп көрсеткен. Және оны ұлттық әдебиетке ғана емес, сонымен бірге халқымыздың дамуына, ағартушылыққа, өркениетіне тигізген әсері ұшан-теңіз болғанын келтірген. Бүтіндей бір ұлттың санасына төңкеріс жасаған Абайды Алаш көсемдері өздерінің рухани ұстазы деп есептегенін, олардың ұстанымдарының негізін Абайдан іздеу керектігін жазған.
Партия депутаттары былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы Абайдың 175 жылдығын лайықты деңгейде өткізу туралы берген тапсырмасы оның ең алғашқы және маңызды шешімдерінің бірі болғанын да атап өткен.
Семей қаласының осы және өзге де ерекшеліктері мен жетістіктерін саралаған партия депутаттары Үкімет басшысына жолдаған сауалын «Біздің ойымызша, Семей қаласы – дәл осы ерекше мемлекеттік маңызы бар қала. Сондықтан, оған республикалық мәртебе беру жөнінде мемлекет басшысына ұсыныс енгізу мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймыз»,- деп түйіндегін.
Қазіргі таңда солтүстік шекараның бойында орналасқан Семей қаласында 330 мыңға жуық халық бар.
Бірер күн бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарияланды. Аталған мақалада Президент Семей қаласына ерекше мәртебе берілетінін, осы мақсатта Үкіметке тиісті шараларды қабылдауды тапсырғаны жазылған. Бұл туралы ойын президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Cемей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан, елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай, шаһарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз. Үкіметке бұл мәселеге байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын», — деп жазады.

Қ. ҚАЛИЕВ.