Бас шыршаға қанша теңге жұмсалды?

Жылдағы дәстүр бойынша Шымкентте жаңажылдық бас шыршаның шамы жағылды. Жұрт жақсылық пен жылымық күтетін Жаңа жыл мерекесінің басты нышаны болып табылатын бұл бас шырша Шымкенттің Әл-Фараби алаңына орнатылды. 

Бас шырша 120 дана әсем ойыншықтармен, 150 дана алтын шармен және 1000 метр көздің жауын алатын шамдармен безендірілген. Мерекелік шара қала әкімі Ерлан Айтахановтың қатысумен өтті. Өз кезегінде ол қала тұрғындарына игі тілектер айтты. Салтанатты шараның куәсі болған қала тұрғындарының ішінде балалар да болды.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Онда жүздеген өнерпаздар ән айтып, әдемі би биледі. Түрлі образдағы ертегі кейіпкерлері де балаларды шат-шадыман көңіл-күйге бөледі.
Әл-Фараби алаңындағы бұл бас шырша үшін бюджеттен 14 млн. теңге жұмсалған. Бұл деректі Otyrar.kz жариялады.

С. НҰРАЙ.