Маңызды

«Зорлау бабы бойынша жала жапқандарды сапалы сот сараптамасы мен тергеу анықтай алады»

Айман  Омарова, Адвокат:

Қазақстанда ендігі кезекте зорлау мен сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер үшін жаза қатаятыны туралы айтылып жүр. Соған сәйкес адам зорлау ісі кезінде тараптардың мәмілеге келуіне де қатаң тыйым салынатындығы ескертілуде. Бұл талаптар заң жүзінде күшіне енсе елімізде зорлықтың құрбаны болғандар заңмен толық қорғала ма? Әлде қандай да бір басқа өзгерістерге бару керек пе?
Елімізге белгілі құқықтанушы Айман Омароваға АzatNews журналистері осындай сұрақты көлденең тартқан. Білікті заңгер былай деп жауап береді.
– Олай деп кесіп-пішіп айтуға болмайды. Заңның жұмсақ болмауы мәселенің бір жағы. Одан өзге де проблемалар бар. Жетерлік. Соның бірі сот сараптамасы. Себебі, біздегі сот сараптамасының саны көп, сапасы жоқ болып тұр. Бізде альтернативті сот сараптамасы бар деп жатады. Оның да мемлекеттік сот сараптамасының да сапасы төмен. Сол сот сараптамасын жөндеу қажет. Оның сапасын көтеру керек. Қазір көптеген жаңа техникалар бар. Соған қарамастан сараптамада ескі техникаларды қолданады.
… Екінші проблема ол тергеушілердің тәжірибесінің жоқтығы. Яғни, тергеушілер адам өлтіру бойынша қозғалған қылмыстық істермен айналысып жүреді де, зорлау бабымен қозғалған істерді жүргізіп кете береді. Ол дұрыс емес. Себебі әр істің өзінің ерекшеліктері бар.
Сонымен қатар, зорлау ауыр қылмыс санатына жатқызылса жала жабатындардың саны өсіп, зорлық құрбандарының қатары көбейеді деген қауіптің болуы орынды. Өмірде әртүрі адамдар бар. Жала жабатындар да бар. Бірақ ондайларды сапалы сот сараптамасы мен сапалы тергеу анықтай алады. Оған сот өзінің пікірін айтып, үкім шығарады. Ақтауы да мүмкін. Бірақ қазір кейбір судьялардың зорлауды нақты жасағандарды ақтап жіберіп, жасамағанды соттап жіберіп жатқан оқиғалар да бар.
Тағы бір жағдай бар. Қанша шаралар қабылдасақ та зорлаудың түпкілікті себебін жою қажет. Оның негізі қайдан басталады? Ол бала кезден басталады. Кішкентай балаларға денеңді бөтен адамға ұстатуға болмайтынын айту керек. Сонымен қатар оларға қандай әрекетті сексуалдық сипаттық деп атайды. Қандай әрекетті заңсыз дейді. Қандай әрекетті зорлық-зомбылық деп айтады деп түсіндіру керек.

 

P.S. Біз белгілі адвокаттың бұл кеңесі ең бірінші кезекте ата-аналар үшін тиімді болар деген үмітпен жариялап отырмыз.
Сөз соңында білікті маман Айман Омарованың Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі екенін айта кетейік. Ол елімізде көптеген атышулы істерде жазықсыз жапа шеккендердің мүдделерін қорғауда үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Өз кезегінде ол зорлық-зомбылық құрбандары болған балалар мен қыз-келіншектердің заңды құқығын қорғаумен қатар, бұл бағыттағы мәселелерді шешуде билікке тиісті талаптарын айта алатын белсенділігімен де танымал болған.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру