Маңызды

МАҒЫНАСЫ ТЕРЕҢ МОНУМЕНТ БОЙ КӨТЕРДІ

Түркістан облысы, Түлкібас ауданында жаны жомарт жандардың ұйытқы болуымен тағы бір тың тірлік жасалды. Аудан орталығындағы «Тұңғыш Президент» саябағының алдынан баласын құшағына басқан ананың еңселі монументі бой көтерді. Оның тұғыр тасына «Ана мен бала» сөзі қашалып жазылды. Атауының өзі монументтің мағынасын аша түскендей.
Алыстан мен мұндалап көрінетін еңселі ескерткіш тасты жасауға 30 млн. теңгеге жуық қаржы кеткен. Бірақ оған бюджеттің бір тиыны да жұмсалмаған. Ауданның ажарын ашқан монументті сол өлкенің тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Жайлау Піралиев атамыздың балалары мен немерелері салып берген. Ол кісінің ұрпағы Серік Пірәлиев монументтің ана мен бала бейнесінде болуын «Мұның қоғамдық тәрбиелік мәні зор. Себебі, әрбір адам ескерткішке қарап, ондағы «Ана ұлы. Ана қымбат. Ана құдіретті жан!» деген жазуды оқып ойланады. Ең бірінші бізге керегі тәрбие, одан кейін білім. Біз білімге кетіп тәрбиені ұмыт қалдырдық. Тәрбие бар жерде білім өзі келеді» деп түсіндірді.
Текті кісінің кіндігінен тараған ұрпақтары бұл игі істі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ауданға тарту еткенін алға тартады.
Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қасымбек Сәтбай бастаған ел ағалары, жергілікті тұрғындар ескерткіштің салтанатты жағдайда ашылуының куәсі болды.

С. НҰРАЙ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру