АРЫСТА СПОРТ НЫСАНЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Бес ай уақыт бұрын оқыс оқиғаны бастан өткерген Арыста көзайым жаңалық. Осы аптада тоғыз жолдың торабындағы қалада спорт кешені ашылды.

Халықаралық талаптарға сай жабдықталған нысанда бір мезетте 100-ге жуық спортшының жаттығу жасауына толық мүмкіндіктер қарастырылған. Спорттың алты түрін қамтитын кешенде жүздеген баланың бабы шыңдалатын болады. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының демеушілігімен салынып, өңір тұрғындарының игілігіне берілген нысанда спорттық ойындар өткізетін зал бар.
Кешеннің салтанатты ашылуы кезінде Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек пен Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев демеуші компанияға алғысын білдіріп, тұрғындар атынан алғыс айтты. Ал «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» Акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Арман Жетпісбаев болса бұл нысанның бой көтеруіне 340 миллион теңге жарытылғанын хабардар етті. Және де ол осы кешен әлемге аты танылатын спортшылардың ыстық ұясы болады деген үмітін жасырмады.
Сондай-ақ қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұжымы ел игілігіне берілген бұл кешен бұқара арасындағы спорттың дамуына барынша серпін беретіне сенім білдіруде.

С. НҰРАЙ.