ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІ 16 ТЕХНИКАМЕН ТОЛЫҚТЫ

Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы су жаңа 16 техникамен толықты. Қолданысқа берілген «Газель-NEXT» маркалы көліктері облыстық жедел жәрдем станциясының аудандық бөлімшелеріне жол тартты.

Техникаларды ел кәдесіне жарату үшін салтанатты табыстау рәсімі Түркістан қаласында өткізілді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев пен облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұхан Егізбаев арнайы қатысты. Сонымен қатар, медицина саласының қызметкерлері де қуанышты шараның куәсі болды. Өз кезінде Жолдымұрат Аманбаев дамыған елдерді анықтау критерийіне жедел жәрдем қызметінің жағдайы да енетінін айта келе алдағы уақытта облыста денсаулық сақтау саласы бойыша материалдық-техникалық базаны жақсарту бағытындағы осы және өзге жұмыстар жалғаса беретінін айтты. Ал қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұхан Егізбаев болса облыс аумағында жедел жәрдем көрсету бойынша әлі 50 техниканың жетімсіздігін тілгі тиек етті.
Пайдалануға берілген 16 жаңа көліктер соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтылған. Онда өкпені жасанды желдету аппаратымен, электрокардиограф, аспиратор және тағы да басқа аса қажетті құрал-жабдықтар қойылған.

М. ӘБДІРАЙЫМ.