ҚҰРЫЛЫС КЕЗІНДЕ САПА НАЗАРҒА АЛЫНУЫ ҚАЖЕТ

Үшінші мегаполистің ең ауқымды жобасының бірі «Shymkent City» тұрғын алабындағы №9, 10 үйлерге жылы су жеткізілді. Сонымен қатар 12 көп қабатты тұрғын үй жылумен қамтылды. Онда барлығы 732 пәтер бар.

Жалпы «Shymkent City» тұрғын алабындағы коммуналдық инфрақұрылымдық мәселелерді реттеу қала әкімі Ерлан Айтахановтың тікелей бақылауына алынған. Осы бағытта ол аталған тұрғын алапта бірнеше рет болып, сала мамандарына тиісті жұмыстарды тапсырған болатын. Қазіргі таңда ол жердегі тұрғын үйлерге қоныс тепкен тұрғындардың көгілдір отынмен қамтамасыз етілуі назарға алынған. Бұл үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» ЖШС-не тиісті текникалық құжаттар рәсімделуде. Салаға жауапты мамандар аталған құжат дайын болғанда тұрғындар тарапынан дербес шот толығымен ашылу қажет екенін, сонда ғана газ берілетінін жеткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Таяуда Шымкент қаласының әкімі Ерлан Қуанышұлы аталған аумақта салынып жатқан тұрғын үйлер мен мектептің және жылыту қазандығының құрылысын аралап көрді. Құрылысты салушы мердігерлермен кездесуде Ерлан Қуанышұлы құрылыс сапасына баса назар аударып, жұмысты жоспарға сай аяқтау керектігін қатаң тапсырды.

М. ӘБДІРАЙЫМ.