904 ПӘТЕРГЕ ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛАДЫ

Елбасының «Жастар жылына» орай Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмысшы жастарды қолдау мақсатында 3000 пәтерді бес жыл мерзімге сатып алу құқығынсыз беру туралы тапсырмасының үшінші мегаполисте орындалатын күнінің ауылы алыс емес.

Жыл соңына дейін Шымкентте 1,2 және 3 бөлмелі 904 пәтер 29 жасқа дейінгі азаматтарға берілетін болады. Осы мақсатта ағымдағы жылдың 25 — 29 қараша аралығында өтінімдерді қабылдау жүргізіледі. Басты талап өтінім иесінің тұрақты жұмыс орны болуы тиіс. Сонымен қатар, соңғы екі жылда қалада тіркеуде тұратыны, үйге меншік иесі болып табылмайтыны және ай сайынғы табысы 40 АЕК (101 мың теңге) көлемінен төмен емес, банктегі жинақ шоты мен отбасы бар жастар қатыса алады.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаев мәлімдеді. Сондай-ақ ол, «Жастар жылы» аясында жастарға сатып алу құқығынсыз берілетін бұл үйлердің жалға беру ұзақтығы 5 жылды қамтитынын айта келе: «Шымкентте 304 пәтердің құрылысы аяқталуға жақын. 600 пәтер нарықтағы үйлерден сатып алынады. Жалпы, 904 пәтерге 6,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын жайлар 2019 жылды қоса алғанда 3 жыл бойы беріледі, — деді.
Жалпы жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін мұндай үйлер еліміздің үш мегаполисінде 2019, 2020, 2021 жылдары берілетін болады. Осы айдың басында еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәжілісте «Жастар жылын» қорытындылау кезінде жастарға жалға берілетін баспананы еліміздің басқа өңірлерінде салу 2022 жылдан бастап қолға алынуы мүмкін екенін алға тартқан болатын.
Шымкентте жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үйлерге ие болу үшін өтінімдерді қабылдау Республика даңғылы, 12а ғимараттың І-қабатында сағат 9:00 мен 19:00 аралығында қабылданады. Бағдарламаға қатысу үшін өтінім иелері нысан бойынша өтініш, жеке басын куәландыратын құжат көшірмесін, (түпнұсқа жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады), білімі туралы құжат көшірмесін, неке қию туралы куәлік (бар болса) көшірмесін, балалардың туу туралы куәлігінің көшірмесін, өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама, жұмыс орнынан анықтама, өтініш берушінің ай сайынғы табысын кемінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде растайтын соңғы алты ай ішіндегі табысы туралы анықтама, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар көшірмесін ұсынуы қажет.
Қосымша мәліметтерді 24-74-85 телефон нөміріне қоңырау шалу арқылы алуға болады.
Бүгінде Қазақстанда 3,8 миллион жас бар. Олардың 2,2 миллионы қалада, ал 1,6 миллионы ауылда тұрады.

С. НҰРАЙ.