Көлігімен адам қаққандарға «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген қайырым болмайды

Осы аптада ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов Мәжілістің пленарлық отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды. Құжатты депутаттар бірінші оқылымда қабылдады. Өз кезегінде Марат Ахметжанов аталған заң жобасында бірқатар құқық бұзушылықтарға жаза күшейгенін мәлімдеді.
Сонымен қатар ол, ендігі кезекте жүргізушілер көлікті ащы суды ұрттап тізгіндейтін болса, әкімшілік қамау уақыты 30 тәулікке дейін ұзартылып, көлік айдау құқығынан айыру мерзімі 8 жылға дейін ұзартылатынын айтты. Бұдан бөлек, Марат Ахметжанов көлік жүргізушісі мас күйінде адам қағып өлтірген болса 10 жылға бас бостандығынан, сондай-ақ, өмір бойы көлік басқару құқығынан айырылатынын айтып, осы санаттағы қылмыстар бойынша тараптардың қайта татуласуына тыйым салынатынын ескертті.