Кентау жылнамаларының жинағы жарыққа шықты

Әуелде Мырғалымсай деген атаумен құрылған Кентау қаласы тарихының жас ұрпаққа тағылым берер тұстары көп. Сондықтан да оның тарих қойнауына енген жылнамасы кітап беттерінде көрініс табуы тиіс.

Осындай игі мақсатпен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары кітап жазып, оны жарыққа шығарды. Жуырда сол тың туындылардың тұсауы кесілді. Онда кеншілер қаласының қалыптасуы мен жер асты қазба байлықтарын өндірудегі жетістіктері, жаңа қалалардың пайда болуы туралы естеліктер қамтылды. Ғалымдар кітапқа енген естеліктерді көпшіліктің аузынан жазып алған.
Қағазға түскен естеліктерді жинақтап, кітап етіп шығару жұмыстарына төрт жыл уақыт кеткен. Туындыларда тарихи сұхбаттар мен Ащысай Полиметалл комбинатында еңбек еткен азаматтардың естеліктері көрініс табады. Алдыңғы буын өкілдері кітаптың өскелең ұрпаққа берер пайдасы мол екенін, өткен тарихты білмей алға жылжуға болмайтынын алға тартуда.
«Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл жобада Кентау қаласы мен Ащысайдың құрылу тарихына басымдық берілген. Сондай-ақ, онда тау-кен комбинатының қалыптасқан тұстағы халықтың әлеуметтік жағдайы мен күнделікті өмірінен де мол мәліметтер келтірілген. Депортациялық жолмен көшіріліп, кейін өз Отанына қайта оралған поляк азаматтарының тарихы да қамтылған. Кітапты жарыққа шығару жұмыстары барысында ғалымдар 50-ге жуық тұрғынмен сұхбат жүргізген. Өз кезегінде бұл туындының мазмұнын ашып, құндылығын арттыра түскен.