Кесене жанындағы мұражай қонақтарды қызықтырады

Түркістан облысында «Үкаша ата тарихы» музейі ашылды. Музей Үкаша ата кесенесі жанынан бой көтерген. Нысан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен іске қосылды.

Мұражай кесенеге келушілер үшін ақжолтай жаңалық болғаны сөзсіз. Себебі, қашанда адам аяғы суымайтын бұл киелі орындағы мұражай сөрелеріне құран кітаптар мен Үкаша атаға қатысты аңыз-әңгімелер, суреттер, Үкаша атаның шежірелері, VІІ-ІХ ғасырларға тән құмыралар, VІІ –ХІІІ ғасырларға тән диірмен, XIX-XX ғасырларға жататын мыс құмған сынды жәдігерлер қойылған. Ондағы дерек көздер мен жәдігерлер кесенеге келген қонақтарға эстетикалық әсер сыйлайды. Мұражайдағы Үкаша ата кесенесін қалпына келтіріп, айналасын абаттандырған алғашқы шырақшы Кәміл қары мен оның жәрдемшісі Атажанның суреттері де келушілерді қызықтыратыны сөзсіз. Сондай-ақ онда өлкенің тарихынан сыр шертетін археологиялық жәдігерлер мен музей жанашырларының сыйға тартқан көне әшекей бұйымдары, тарихи кітаптарды кездестіруге болады.
Тың ақпараттармен танысуға мүмкіндік сыйлаған мұражайдың ашылу салтанатында лентаны қию құрметіне «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков, Түркістан қаласының құрметті азаматы Толқын Құдайбергенұлы, Түркістан каласы Аксақалдар алқасының мүшесі Бектас Шіркбаевтар ие болды.