БАСТЫ БАҒЫТ – АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫН АЛҒА ЖЫЛЖЫТУ

Мегаполис мәртебесін алғаннан бастап Шымкент қарқынды даму үстінде. Осыған байланысты біз халықтың әл-ауқатын көтеру үшін тиісті жұмыс атқаруымыз керек. Бұл ретте ауыл шаруашылық саласын дамытудың маңызы зор.

Мәселен, Түркістан облысымен бірлесіп азық-түлік белдеуін құру күн тәртібінде тұрған мәселе. Одан бөлек, халықты сапалы әрі отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында қалада агро-индустриалды аймақ құру жоспарланған.
Осы аптада Шымкенттегі «Көрме» орталығында өткен «AgriTek Shymkent 2019» халықаралық мамандандырылған ауыл шаруашылығы көрмесінде қала әкімі Ерлан Қуанышұлы осылай деді.
Аталған шара биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. Халықаралық көрменің ашылу салтанатына АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер мен қала әкімі Ерлан Айтаханов қатысты.
Шарада ауыл шаруашылық саласына қажетті Қазақстан, Корея, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия мен Өзбекстан елдерінің 50-ден астам техникасы келушілер назарына ұсынылды. Бұдан бөлек қала тұрғындары мен қонақтарына ауыл шаруашылық саласына қажетті техника жабдықтары, қосалқы бөлшектер, өсімдіктерді қорғау құралдары, мал шаруашылығына арналған технологиялар, суару және тыңайту құрылғылары ұсынылды.
Ауқымды шарада отандық және шетелдік кәсіпорын өкілдері озық технологиялар туралы пайдалы мағлұматтар алып, іскерлік байланыстарын нығайтты.
Халықаралық көрмеде АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер Шымкенттің ауыл шаруашылығы саласына қарқынды күш салып жатқанына ерекше тәнті екенін жеткізе отырып, жергілікті шаруаларды және тиісті мамандарды АҚШ-қа тәжірибе алмасуға шақырды.
Таяуда қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр ауыл шаруашылығы саласы бойынша Шымкент қолайлы логистикалық аймақ екенін, мұнда 63 мың гектар егістік жер бар екенін тілге тиек еткен болатын. Бұдан бөлек қалада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 136 га аумақты құрайтын агро-индустриалды аймағы құрылған. Осыған орай қалалық әкімдік аталған саланы дамытуға баса назар аударуда. Жергілікті билік ол аймаққа инженерлі инфрақұрылымды жұмыстарын жүргізуді өз есебінен орындауды қолға алған. Бұл инвесторларды тартуда аса маңызды фактордың бірі екені сөзсіз. Аталған агро индустриалды аймақты толық жүзеге асыру 2021 жылға межеленген. Ол жерге 30-ға тарта ауыл шаруашылығы өнімдерін сұрыптау, дайындау, буып-түю, қайта өңдеу кәсіпорындары мен өнеркәсіптік жылыжайларды орналастыру жоспарлануда. Соның негізінде қала әкімі тиісті жұмыстарды орындауға белсене кірісуде. Жуырда Ерлан Қуанышұлының Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Ким Хынг Суды қабылдау кезінде айтқан ұсыныстары сөзімізге негіз болады. Өз кезегінде қала әкімі мәртебелі мейманды ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы бойынша бірлесіп жұмыс істеуге шақырған болатын.
Сонымен қатар, Қазақстан-Чехия бизнес форумында да Чехия Республикасы Парламенті депутаттары Палатасының Төрағасы Радек Вондрачек қазақстандық әріптестеріне мал шаруашылығында сапалы генетикалық материал әзірлеуде бірнеше тиімді жобалар ұсына алатынын мәлімдеген-тін. Одан алдын қаламызға Қазақстан Республикасындағы Чех Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Рудольф Гикл арнайы сапармен келген. Сол кезде қала әкімі Ерлан Қуанышұлы өңірдің бизнес климатты дамытуға қолайлы аймақ екенін айта келе, Чех кәсіпкерлерін жеңіл өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласына инвестиция салуға шақырған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасындағы Америка Құрама Штаттарының Бас консулы Эрик Майермен кездесу кезінде де осы саланың қайта өңдеу секторы бойынша жұмыс істеуге ниет танытқан инвесторлар үшін Шымкентте қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілетінін жеткізген.
Тамыз айынан бастап қалада демалыс күндері Түркістан облысымен бірлескен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Бұл шара бұған дейін Шымкент облысы орталығы болған кезде жүйелі түрде ұйымдастырылатын. Шымкент мегаполис боғаннан соң ол үрдіс тоқтатылған. Қала әкімі Ерлан Қуанышұлының бастамасымен бұл шара бірнеше айға созылған кідірістен соң қайта жалғасын тапқан.

Ж. АРМАНОВА.