Венгрияда қазақстандық жастарға жыл сайын 250 грант бөлінеді

Венгрияның Алматыдағы Бас консулы Блауманн Ференц шымкенттік жастарды Венгрия мемлекетінде білім алуға шақырды. Өз кезегінде ол Венгрия жыл сайын қазақстандық жастар үшін 250 грант бөлінетінін мәлімдеді. Таяуда ол Шымкентке келіп, қала әкімі Ерлан Айтахановпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Шымкент пен Венгрия арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Қала басшысы Блауманн Ференцке шаһардың инвестициялық және сауда-экономикалық әлеуеті туралы хабардар етіп, аймақта шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын айта келе, «Шымкент — Қазақстандағы жетекші өндірістік және экономикалық орталықтарының бірі. Қала Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Шаһар ірі транзиттік дәліздерге арналған көлік хабына айналады. Мұнда инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалған. Бізде екі индустриалды аймақ пен бір арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Алдағы уақытта «Жұлдыз» және «Агро» индустриалды аймақтарын салуды жоспарлап отырмыз»,-деді.
Жалпы Венгрия мемлекетінде бау-бақша мен жүзім шаруашылығы ілгері кеткен. Қала әкімі Ерлан Қуанышұлы осы бағытта әріптестік орнатуға ниетті екенін де айтып, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласы бойынша да бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Кездесу соңында тараптар екі ел халықтарының игілігі үшін барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға сөз байласты.

Ж. АРМАНОВА.