«Қазақстан жұртшылығы түркістанның дамуын қолдап отыр»

– дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанға жасаған сапарында

Түркістан қаласында тың серпіліс. Өткен жылдың маусымында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі мемлекет басшысы ретінде киелі кентті қайта құрылған Түркістан облысының орталығы еткені белгілі. Содан бері бір жыл төрт айдан аса уақыт өтті. Күнгей өңірінің орталығы ретінде Түркістан көптеген оң өзгерістерді, өрге басуды бастан кешіруде. Тұтас қалашық салынып, түрлі нысандар бой көтеріп, қала құлашын кеңге жаюда. Елеп-екшелген тұжырымдама мен арнаулы экономикалық аймақ құру туралы Жарлыққа сәйкес қалада алдағы уақытта барлығы 150 жобаны жүзеге асыру міндеті қойылды. Соның 102-сін жүзеге асыру осы жылдың еншісінде.

Түркістан қаласында тың серпіліс. Өткен жылдың маусымында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі мемлекет басшысы ретінде киелі кентті қайта құрылған Түркістан облысының орталығы еткені белгілі. Содан бері бір жыл төрт айдан аса уақыт өтті. Күнгей өңірінің орталығы ретінде Түркістан көптеген оң өзгерістерді, өрге басуды бастан кешіруде. Тұтас қалашық салынып, түрлі нысандар бой көтеріп, қала құлашын кеңге жаюда. Елеп-екшелген тұжырымдама мен арнаулы экономикалық аймақ құру туралы Жарлыққа сәйкес қалада алдағы уақытта барлығы 150 жобаны жүзеге асыру міндеті қойылды. Соның 102-сін жүзеге асыру осы жылдың еншісінде.

Естеріңізде болса өткен жылдың қыркүйегінде Елбасы Түркістанға келген сапары кезінде өңір әкімдері, ұлттық компания басшылары мен бизнес өкілдерінің басын қосып, Түркістанды дамыту бойынша тапсырма берген болатын. Соған сәйкес өңірлер, ұлттық компания мен бизнес өкілдерінің атсалысуымен қалада 30-ға жуық нысанның құрылысын жүргізу туралы келісім болған. Солардың бірқатарының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуге дайын.
Осы аптада Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанға табан тіреді. Ол тікелей өзінің Жарлығы бойынша қолға алынған құрылыс жұмыстарының барысы мен құрылысы аяқталған нысандарға барды. Елбасының келуіне орай шаһарда Түркістан облысының әкімдігі ғимараты, «Алатау медиа» орталығы, Азаматтарға арналған үкімет нысаны, музыкалық мектебі мен Неке сарайы пайдалануға берілді. Сапар барысында Елбасыға атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарымен қатар, туризм индустриясын дамыту, су және азық түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шаралар таныстырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар айқындалған. «Түркістан облысының әлеуметтік экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында Түркістан қаласы аумағында 11,0 гектар алқапқа азық-түлік белдеуін қалыптастыру және ағын су тапшылығын жою мақсатында су нысандары құрылысын жүргізу жұмыстарына екпін түсірілген. Биыл жалпы аумағы 7700 гектар болатын қаланың «Жасыл белдеуін» қалыптастыру қолға алынды. Меже белгілі. 2021 жылға дейін «Жасыл белдеуде» 3,5 миллион түп екпе ағаш пен 500 мыңға жуық бұта егілмек. Халықаралық әуежай мен теміржолды байланыстыратын жол салынады.
Тарихы қалың қаланы түрлендіру үшін алға қойған мақсат айқын. Ол – Түркістанға келген қонақ бір мезетте шығыстық үлгідегі шаһар, туристік қала мен заманауи үлгідегі мекенде жүргендей әсерге бөлінуі керек. Яғни, сан ғасырдан бері сақталып келген құндылығымыз тарихи орындар сақталуы тиіс, қалада бой көтерген бірқатар нысандарда шығыстың қайталанбас сәулет өнерінің іздері болуы лазым. Мұндай нысандар «Тарихи аймақ», «Рухани мәдени орталық» бағытында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан аумақтарда бой көтеретіні белгілі. Ал әкімшілік іскерлік орталығы аумағында салынатын нысандар заман легіне сай бой көтеретін болады.
Жалпы, Түркістан дамудың даңғыл жолына түсуі керек. Бұл үшін мүмкіндіктердің барлығы қарастырылып, тиісті жағдайлар жасалуда.
Қала әкімі Рашид Аюпов 2025 жылы Түркістан тұрғындарының саны 350 мың, 2050 жылы жарты миллионға жететінін алға тартуда. Сондай-ақ ол, 2050 жылы Түркістан қаласын халықаралық туристік Иерусалим, Стамбул және Рим қалаларының деңгейіне жеткізу межеленіп отырғанын тілге тиек етті. Ол қалалар өздерінің тарихи құндылықтарын көздің қарашығындай сақтай алуының арқасында бүгінде халықаралық деңгейдегі қала деген мәртебеге ие. Жергілікті билік «келешекте қалаға табаны тиетін туристердің саны бір жылдың өзінде бес миллионға жететін болады» деген болжам жасауда. Қазіргі қызған құрылыс жұмыстары мен түрлі жобалар сол жоспардың жүзеге асуына алғышарт болатыны сөзсіз. Осы мақсатқа жету үшін қазірдің өзінде қалада түрлі жобалар қолға алынған. Ясауи кесенесі маңындағы Күлтөбе қалашығында қазба жұмыстары үшін қазынадан қаржы қаралған. Алдағы уақытта ол жерді ашық аспан астындағы мұражай ету көзделіп отыр.
Бүгінде Түркістанға барған кез келген адам ондағы қарқынды жүріп жатқан құрылыс алаңын көріп қаланың дамудың даңғыл жолына түскенін анық сезе алады. Бұл мерейлі жұмыстың бастауында Елбасының өткен жылдың маусымда жариялаған Жарлығы негіз болғаны баршамыздың жадымызда. Түркістанға жасаған бұл жолғы сапары кезінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанды түлетуге ықпал еткен сол бір шешуші кезді былай деп еске алады.
– Шымкент миллион тұрғыны бар қалаға айналды. Осыған орай біз жеке Түркістан облысын құрдық. Бұл көптен бері ойымда жүрген еді. Осылайша біз үлкен құрылыс бастадық. Мұның бәрі астанамыздың құрылысын еске түсіреді. Енді еліміздің оңтүстігінде тағы бір әдемі шаһар бой көтеріп келеді. Осының барлығы ел игілігі үшін жасалып жатыр. Жалпы, Түркістанды орталық жасау тәуелсіздік алған алғашқы күндерден бастап ойда болған. Бұл менен бұрын ел тізгінін ұстаған басшылардың да қаперінде жүрген. Бұл қасиетті өңір, қасиетті жер. 21 ханымыз бен сұлтандарымыз осы киелі жерден мәңгілік орындарын тапқан,-дей келе, бірнеше маңызды мәліметтерді келтіре кетті.
– Келесі жылы Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Тәжікстан басшыларын саммитке шақыруды жоспарлап отырмыз. Егер олар қатысуды растаса, біз оны Түркістанда өткізуіміз мүмкін. Бүкіл Қазақстан жұртшылығы Түркістанның дамуын қолдап отыр. Әрбір үй, әрбір қала – бұл Қазақстанның байлығы. Елорданы салған кезде қаржыландыруға байланысты сұрақтар болған еді. Енді Нұр-Сұлтан қаласы барлық шығындарды өтеп, жыл сайын бюджетке триллиондаған кіріс әкелуде. Біз мұнда көптеп туристерді тартуымыз керек. Бүкіл түркі әлемі Түркістанды орталық деп санайды. Туризм – экономиканың маңызды бөлігі. Мұнда көптеген мұражайлар бар. Қазір «Күлтөбе қалашығы» археологиялық паркін құру жұмыстары жүргізілуде, — деді Елбасы.

P.S. Естеріңізде болса өткен қазан айының басында Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» арнасына сұхбат берген. Сонда оған «Түркістанды облыс орталығы ету туралы тарихы шешім қабылдауға не түрткі болды?» деген сауал қойылды. Сол кезде де Елбасы «Бұл көптен бері ойда жүрген мәселе еді. Тіпті елорданы таңдаған кезде де мен осыны ойлағанмын. Ол кезде Түркістан кішігірім қала. Қаланы ол жерге апармайтын болдық. Шымкент миллион болған соң оны тікелей орталыққа бағынатын Алматы, Астана сияқты қала еттік. Түркістанды облыс орталығы, ал Оңтүстік Қазақстан облысын қайта құрып, Түркістан облысы деп жарияладым. Мұны барлығы қолдады. Өзім дұрыс шешім деп ойлаймын. Қазір керемет қаланың орталығы салынуда. Қожа Ахмет Ясауидің, қазақ тарихының, түркі тарихының мұражайы ашылуда. Үлкен ғимараттар, қонақ үйлер, медиа орталықтар, мектептер, ауруханалар, саябақтар бой көтеруде. Халық көп шоғырланған, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған жердің орталық болғанының не жамандығы бар?! Жақсылықтан басқа. Қазірдің өзінде ол жерге жүз мыңдаған туристер келеді. Алдағы уақытта олардың саны артады. Қала «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» күре жолының дәл ортасында, теміржолдың жанында. Бұл меніңше еліміз үшін қуанышты жағдай. Тағы бір үлкен қаланың, тағы бір үлкен облыстың құрылғанына мен қуанамын», — деген еді.
Ұлт көшбасшысының бұл қуанышына күллі қазақ жұрты ортақ екенін ұғынудың өзі ғанибет.

А. САТЫБАЛДЫ.