ӘЛ-ФАРАБИДЕ 47 НЫСАН ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Шымкенттегі Әл-Фараби ауданында кәсіпкерлік саласы бойынша 47 нысан іске қосылды. Оған тартылған инвестиция көлемі – 9,215 млрд. теңгені құрады. Нысандардың ашылуы 5200 адамның тұрақты жұмыспен қамтылуына жол ашты.

Бұл туралы Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов қаладағы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте мәлімдеді.
Сонымен қатар ол, аудандағы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 622 көп қабатты тұрғын үйлердің барлығы қыс маусымына толығымен дайын екенін алға тартты.
Осы жылдың 10 айында орындалған жұмыстарды тілге тек еткен әкім ауданда «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың 2011-2020 жылға дейінгі» бағдарламасына сәйкес 2011 жылдан бастап бүгінге дейін 60-тан астам көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыстар осымен шектелмейтін сыңайлы. Себебі, аудан аумағындағы 672 көпқабатты тұрғын үйлердің 40%-ы дәлірегі 269-ы ескірген. Ауданда жалпы ұзындығы 281,8 шақырымды құрайтын 404 көше бар. Соның 204,6 шақырымына асфальт жабындысы төселген болса, 39,9 шақырымына шағал тас төселген. Қалған 26,6 шақырым топырақ жолды құрайды. Жыл басынан бері 34 көшеге ағымдағы жөндеу және 3 көшеге қайта құру жұмыстары жүргізілген. Осы бағыттағы жұмыстар үшін бюджеттен 7,8 млрд. теңге қаралған.
Аудан аумағында «Орталық Қырғы базары» орналасқаны белгілі. Аталған базар алдындағы жабайы сауданы жою жұмыстары күн тәртібінен алынбағаны анық. Осы бағытта ондағы саудагерлермен жүргізіліп жатқан жұмыстар барысы туралы аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов:
– Ең алдымен ол жерде ретсіз сауда жасап отырған азаматтардың тізімін жасадық. Содан соң оларға базар әкімшілігімен түзілген меморандум аясында базар аумағында бос сауда орындары ұсынылды. Соған сәйкес, келісім шарт негізінде 30 адам «Қырғы базарға», 40 адам «Визит» ЖШС-ның аумағында 2 ай көлемінде ақысыз жұмыс жүргізуге орналастырылды. Ағымдағы жылдың 10 айындағы көрсеткіш бойынша аудан аумағында ретсіз саудамен айналысқан 439 тұлғаға ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 204 және 505 бабтарына сәйкес, 367 әкімшілік хаттама толтырылып, 338 919 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 73 заңсыз дүңгіршек сүрілді, — деді.

С. НҰРАЙ.