КӨЛІК-ЛОГИСТИКАЛЫҚ АЙМАҚТЫҢ КӨМЕГІ КӨП

Шымкент логистика үшін қолайлы аймақ. Қазіргі таңда қалада 92 гектар көлік-логистикалық аймағының болуы соның жарқын мысалы. Онда 33 млрд. теңгені құрайтн 6 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Бүгінде 13 млрд. теңге болатын 2 жобаны, атап айтқанда, «Kazakhstan Logistic group», «Continental Logistics Shymkent» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері іске қосылды. Онда Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия елдерінен келген ет, азық-түлік өнімдері сақталып, ішкі нарыққа таратылуда.

Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Береке Дүйсебеков мәлімдеді.
Бұдан бөлек ол қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 406,9 млрд. теңгені құрағанын, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 18,1 пайызға артық екенін айтты. Сондай-ақ ол, қаладағы «Оңтүстік», «Тассай» индустриалды аймақтары мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында атқарылған жұмыстарға шолу жасады.
– Индустриалды аймақтарда 2010-2021 жылдары аралығында 115,1 млрд. теңгеге 125 жобаны жүзеге асырып, 7 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінде ол жерлерде 68 жоба жүзеге асып, 54 млрд. теңге инвестиция тартылған және 4,7 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Жыл соңына дейін тағы 5 жобаны іске қосу межеленген. Оның жалпы құны 22,2 млрд теңге. Жоспар жүзеге асса 483 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал 2020 жылы 2,5 млрд.теңгеге 22 жобаны жүзеге асырып, онда 562 жаңа жұмыс орнын, 2021 жылы 23,5 млрд.теңгеге 26 жобаны жүзеге асырып, қосымша 1023 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Жалпы индустриалды аймақтар құрылғалы бері бюджетке 10,9 млрд. теңге салық түскен. Оның ішінде 2019 жылдың І-жартыжылдығында «Оңтүстік» индустриалды аймағының қатысушылары 1,3 млрд. теңге, ал «Тассай» индустриалды аймағының қатысушылары тарапынан бюджетке 96,8 млн. теңге төлем түскен,-деді Береке Дүйсебеков.
Қазіргі таңда Шымкентте 68 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлер жұмыс атқаруда. Мамандар алдағы үш жылда олардың саны 90 мыңға жететінін болжауда.

С. НҰРАЙ.