Маңызды

Ауыл шаруашылығы саласындағы ауқымды жұмыстар

Экономиканың ең маңызды саласының бірі – бұл ауыл шаруашылығы болып табылады.

Ауыл шаруашылығы, сонымен қатар өзіне тән ерекшеліктерге ие. Ол табиғат климат факторларына тәуелді, ондағы өндіріс мерзімі циклдық жағдайда жүреді. Сондықтан, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары өзгеріп отырған экономикалық және технологиялық жағдайларға баяу бейімделеді және салынған капиталдың басқа салалармен салыстырғанда қайтарымы төмен. Ауыл шаруашылығының тиімділігі – ауыл шаруашылығындағы субъектілерінің қаржы шаруашылық қызметінің нәтижесі, жоғарғы көрсеткішті өнімділікке жетуге қамтамасыз ету қабілеттілігі, табыстылығы, өнім сапасы. Ауыл шаруашылығының тиімділігі көрсеткіштер жүйесінің көмегімен өлшенеді: еңбек өнімділігімен, қор қайтарымдылығымен, өзіндік құнымен, рентабельділік, ауыл шаруашылық өнімдерінің шығымдылығымен және тағы да басқа жағдайлармен. Бүгінде ауылшаруашылығы саласының дамуы еліміздегі негізгі міндеттердің бірі болып отыр. Соның ішінде ауылдық жерлердегі мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы басты назарда. Осы орайда аудан көлеміндегі ауыл шаруашылығы саласының ахуалы, атқарған жұмыстары, алдағы уақыттағы жоспарлары жайлы бірқатар ақпараттар алу үшін аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қайырбек Сәрсенбекұлы Мейірмановпен сұхбат жүргізген болатынбыз.

– Қайырбек Сәрсенбекұлы, ауданымыздағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталып өтсеңіз?
– 2016-2020 жылдарға арналған ауданның даму көрсеткіштері бойынша жалпы өнім көлемін 11 млрд. 445 млн. 200 мың теңгеге жеткізу межеленген. Оның ішінде егін шаруашылығын 2 млрд. 135 млн. теңгеге, мал шаруашылығын 9 млрд. 310 млн. 200 мың теңгеге жеткізу жоспары бар.
Ауыл шаруашылығың нақты көлем индексін 2017 жылдың қортындысымен 102,0 пайызға орындасақ, 2018 жылы 102,5 пайызға орындадық. Оның ішінде егін шаруашылығын 101,0 пайызға, мал шаруашылығын 102,5 пайызға.
Сонымен қатар, Шолаққорған ауыл округінен «Әділет-1» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне 22 млн. теңгеге ірі қара мал сою модулі «Каз Техпром сервис» ЖШС-і арқылы әкеліп орнатылды. Осы қаржының 11 млн. теңгесі инвестициялық субсидия арқылы төленсе, 11 млн. теңгесі «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ-ы арқылы несиеленді. Сондай-ақ, «Нұрдос» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі майда мал сою бекетін ұйымдастырып, құрама жем шығаратын қондырғыны 2,5 млн. теңгеге алды. Оның 50 пайызы инвестициялық субсидияға тиісті құжаттарын ХҚКО-на түгел өткізген жағдайда мемлекет есебінен қайтарылатын болады.
Ал, «Аруана» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бүгінгі таңға осы түйе сүтін өңдеу кәсіпорны арқылы 2018 жылы 42 тонна сүт өнімдерін өндіріп, қымыранды 550 теңгеге, сүтті 180 теңгеге, айранды 220 теңгеге, сары майды 1200 теңгеге және тағы да басқа өнімдерін сауда орындарына шығару арқылы аудан халқына ұсынуда. Аудан агроқұрылымдары 2017 жылы «Созақ несие» несиелік серіктестігі» ЖШС-нен 413,8 млн. теңге, «Ырыс» МҚҰ» 104,2 млн. теңге, «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы арқылы 212 млн. теңге, барлығы 730 млн. теңге көлемінде несие қаржы алынды.

– Егін шаруашылығына нақтырақ тоқталсаңыз. Өткен жылы өндірілген өнім көлемі қандай болды, ағымдағы жылы егіс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырсыздар ма?
– Аудан аумағындағы барлық егіс көлемін 2018 жылы 13005 гектарға жеткіген болсақ, 2019 жылы 13400 гектарға жеткізу, яғни егіс көлемін 395 гектарға ұлғайту, ауыл, кент округтері бойынша егістік жерлерді тиімді игеру жоспарлануда. Даму бағдарламасына сәйкес, 2018 жылы жаңадан 700 гектар алқапты жайылымнан суармалы алқапқа ауыстырып, айналымға қосу, облыс әкімінің тапсырмасына байланысты аудан бойынша 2 гектар алқапқа жылыжай салу, 150 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісін ендіру межелері бекітілген. Ағымдағы жылы белгіленген межелерді толығымен орындаймыз деген ойдамыз.

– Енді мал шаруашылығы, кооперативтердің жұмыстары, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу деңгейі қай дәрежеде, жалпы ауданымызда ауыл шаруашылығы техникалары жеткілікті ме, осы мәселелер жөнінде айтып беріңізші?
– 2019 жылы аудан бойынша 4 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің жұмысын жандандыру көзделген. Даму бағдарламасына сәйкес, ағымдағы жылы аудан бойынша 30 ауыл шаруашылығы техникаларын алып, тіркеуден өткіземіз деп отырмыз. Сонымен қатар, жаңадан 130 бірлік 10-15 бастық мал бордақылау алаңдарын ашу, 35 бірлік 5-10 бастық шағын сүт фермаларын ашу межесі берілген. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына тоқталатын болсам, «Құлан» бағдарламасы бойынша 2018 жылы 650 бас жылқыны, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 1710 бас сиырды, «Алтын асық» бағдарламасы 2102 бас тұсақ малды тұқымдық түрлендіруге тартуды көздеп отырмыз. Аудан бойынша елді мекендердегі жұртшылық табынға 2018 жылы 48 бас асыл тұқымды бұқа қосу межесі бекітілген болса, мал жайылымдарынан 30 дана құдықтар қазу жоспары бар. 2018 жылдың қорытындысымен ауданда барлық санатта 27 112 бас мүйізді ірі қара, 242 186 бас қой-ешкі, 13 940 бас жылқы, 10 300 бас түйе өсірілуде. 2018 жылы мүйізді ірі қараны 29 068 басқа, қой-ешкіні 244 492 басқа, жылқыны 15 372 басқа, түйені 11 430 басқа өсіру жоспарланып отыр. 2018 жылдың қорытындысымен 12 472,5 тонна ет (тірі салмақта), 14 954,5 тонна сүт, 2 647,3 мың дана жұмыртқа өндірілді. 2019 жылы 13 305 тонна ет (тірі салмақта), 15 705 тонна сүт, 2 742 мың дана жұмыртқа өндіру межеленіп отыр. Міне, жоғарыда айтып өткенімдей, өткен жылы атқарылған жұмыстар ауқымы аз емес, десек те, ағымдағы жылға бекітілген межелерді толығымен орындап, жұмысты жандандыра түсуге бар күш-жігерімізді салатынымызды айтқым келеді.

– Сөз соңында, осы саланың маманы ретінде ауыл шаруашылығы өндірісін, одан шығатын өнім мен экономикалық тиімділігін арттыру жайлы ойыңызбен бөліссеңіз?
– Экономикалық тиімділікті анықтау үшін өндіріс үрдісіне әсер етуші түрлі факторларды анықтау керек. Экономикалық тиімділікті бағалағанда нәтижеге әсер етуші факторларды есептейміз. Ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігіне егіннің дұрыс пісуі, мал шаруашылығындағы өнімділік және еңбек шығындарын есепке аламыз.
Өндіріс көлемінің артуы, сапасының өсуі, шығындардың аз болуы көлік шаруашылығының дамуына, өндірістің тиімділігінің артуына ықпал етеді. Ауыл шаруашылығы өндірісінің экономикалық тиімділігін арттыруда өнімнің өткізу арналарының да маңызы зор. Ол арқылы халықтың қажеттіліктерін қанағаттандырады, табыстың өсуіне әкеледі. Тиімділіктің басты мәселесі – нарықтық экономика жағдайында тауар өндірушілердің мүддесі үшін тұтыну құнын өндіру кезінде ресурстарды мейлінше үнемдеу. Осы жағдайда кәсіпкерлік қызмет өзінің тәуекелділігіне мүліктік жауапкершілігі шегінде ұйымдастырушылық, құқықтық– нормативті актілермен анықталып, өндіріс табыстылығының есебінде жүргізіледі.
Жұмыс күшіне жоғары ықпал төленген жағдайда өндіріс үдерісін техникалық жарақтандыру шаруашылықты оңтайлы жүргізуге ынталандырып, төмен болған жағдайда өндіріс үдерісінің еңбек сыйымдылығын уақытша тоқтатып қоюға ықпал ететіндіктен, өндірістік ресурстар бағасы тауар өндірушілерді арзан ресурстарды өндірістік үдеріске кеңінен қолдануға, ал қымбат ресурстарды үнемдеуге итермелейді. Бұл жағдайда тауардың бағасы қоғамда өндірістік ресурстарды бөлуге қалай әсер еткенін еске алады. Яғни, бағаның қалыптасуының нарықтық тетігі келешекте өндіріс тиімділігін арттырудың негізі болып табылмақ. Сөзімді қорыта келе, аудан тұрғындарын егін және мал шаруашылығымен кеңінен айналысуға шақырамын. Мемлекет тарапынан ұсынылып отырған бағдарламаларды пайдалана отырып, жұмыссыз жүрген азаматтар өз кәсібін дөңгелетіп жатса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Ал, осы мақсатта жұмыс жасаймын, мемлекеттік бағдарламаға қатысамын деуші азаматтарға бағыт-бағдар беріп, қол ұшын созуға біз әрдайым дайын екенімізді жеткізгім келеді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан:
Мақсат Қарғабай.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру