«БҰҒАН ӨЗДЕРІҢІЗ БАҒА БЕРІҢІЗДЕР»

Ербол Садыр Шымкенттің облыстан бөлінген кезіндегі
кемшіліктерді жайып салды

Былтыр Шымкент мегаполис мәртебесін алып, Оңтүстік Қазақстан облысының құрамынан шығарылғаны белгілі. Сол уақытта өз арбасын өзі сүйреуге қадам басқан мегаполис қаланың құзырына 40-тан астам міндет жүктелген. Бұл міндеттердің бағыты ішкі саясат және дін, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт, төтенше жағдайлар бойынша, табиғатты қорғау және кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы мен білім беру салаларына қарасты болған. Кезінде сол функцияларды Шымкент аумағында орындау үшін Оңтүстік Қазақстан облысы бюджетінен 16,3 млрд. теңге қаржы қаралған. 2018 жылы сол қаржылар жаратылып келген. Енді ол жұмыстардың 2019 жылға қажеттілігі 19 млрд. теңгені құраған. Алайда Шымкент облыс аумағынан шығып, дербес қала ретінде бөлінген кезде осы қаржыларды өзінің үлесіне ала алмаған.
Бұл туралы журналистерге қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр мәлімдеді.
Бөлініс кезінде бюджеттен бөлінуі тиіс қаржыларды ала алмаудың салдарынан тұралаған тірліктер, ақсаған тұстар қандай болды? Бұл туралы Ербол Садыр бүй дейді.
– Мысалы, денсаулық сақтау саласы бойынша бізде барлық азаматтар кепілдендірілген тегін медициналық қызметпен қамтамасыз етілген. Ал соның ішінде ерекше аурулармен сырқаттанатын азаматтар бар. Оларға берілетін дәрілер үшін қаржы көлемі жергілікті мәслихаттың шешімімен беріледі. Ол өте қымбат дәрілер. Бір науқасқа 20 млн. теңгеден 200 млн. теңгеге дейін қаржы жұмсалады. Міне сондай мақсатқа кезінде ОҚО бойынша 130-ға жуық азаматқа 1 млрд. 398 млн. теңге қаржы бөлініп отырған. Әкімшілік-аумақтық бөлініс кезінде Түркістан облысына тиісті қаржы берілген де, Шымкенттегі 60-тан аса азаматтың денсаулығына қажетті сома қаралмаған. Бұдан соң мүгедектерге көмек көрсету мен қажетті функцияларды мемлекеттік бюджет есебінен қамтамасыз ету үшін кезінде ОҚО бюджетінен 2 млрд. 010 млн. теңге қаржы жұмсалып келген. Соның ішінде Шымкент қаласының азаматтарына 593 млн. 931 мың теңге қаржы қарастырылатын. Бірақ әкімшілік-аумақтық бөлініс кезінде бұл қаржылар Шымкент қаласына берілмеген.
Біраз адам Шымкентте ауыл шаруашылығы жоқ деп санайды. Бұл сала қаладағы ең өзекті мәселе. Өйткені Түркістан облысындағы жайылымдық жерлер мен егістік жерлерде өндірілген өнімдердің барлығы дәл осы қалада қайта өңдеуден өтіп, ары қарай өзге өңірлер мен елдерге сатуға жөнелтіледі. Яғни, Шымкент –логистикаға ең тиімді аймақ. Соған сәйкес Шымкентте өндіріс орындары да дамыған. Қалада 63 мың гектар жерге жуық егістік жер бар. Ал енді сол кезде осы бағытқа ОҚО бойынша 24 млрд. 659 млн. теңге қаржы қаралып келген болса, соның 5 млрд. 378 млн. теңгесі Шымкентке жаратылған. Дәлірегі, Шымкенттегі ауыл шаруашылығы саласының мамандарына бағытталған. Алайда, әкімшілік-аумақтық бөлініс кезіндегі уақытта тиісті қаржылар Шымкентке алынбаған. Осы сынды мысалдар жетерлік. Мен бұл жерде негізгі салаларын ғана айттым.
Шымкент облыстан бөлінген кезде өзіне тиісті үлесінен қағылып қана қоймай, артық шығын шығаратын жағдайларға жол берген көрінеді. Тарқатып айтар болсақ, кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы 10 жекешелік әріптестік жобаға міндеттеме алған. Сол міндеттемеде көрсетілген талаптар бойынша облыс әкімдігі инвесторларға 16 млрд. теңге төлеуі тиіс. Ол кезде Шымкент облыстың құрамында болғандықтан, оның мұндай шешім қабылдайтын құзыреті болмаған. Соған қарамастан 2018 жылы әкімшілік-аумақтық бөлініс кезінде аталған 10 жоба Шымкентке берілген. Нәтижесінде қабылданған міндеттеме бойынша биыл қала 4,1 млрд. теңге төлеген. Бір қызығы әкімшілік-аумақтық бөлініс кезінде Шымкент міндеттеме бойынша төлеуге тиіс қаржыларды алмаған.
Қала әкімі Ерлан Айтахановтың тапсырмасымен жүргізілген талдау-сараптау жұмысы кезінде билікте отырған басшылардың анықтаған түйіткілдері осымен шектеліп қалмапты. Бұл туралы Е. Садыр:
– Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта құрылып, Елбасының Жарлығымен бекітілген орталығы Түркістан қаласына көш түзегені белгілі. Содан алдын бұған дейін облыстық әкімдіктің меншігінде болған қала аумағындағы 99 нысан Шымкент меншігіне өткен. Кезінде олар облыс меншігінде болғанда нысандарды ұстау шығындары үшін қазынадан 32 млрд. теңге бөлінген. Мегаполис меншігіне өткізілген соң қажетті деп сұралған 30 млрд. теңгенің 20 млрд. теңгесі ғана бөлінген. Яғни, қажетті қаржылар толық көлемде бөлінбеген,-деді.
Бұл «былықтар» сол кезде қала әкімі болған Ғабидолла Әбдірахымовтың қателігі ме әлде оған жасалған «қастандық» па? Қазақстанда жылдар бойы облыс құрамындағы қала болып келген өңірдің мегаполис атанып жататыны жиі болмайтыны баршаға аян. Оған елімізде мегаполис мәртебесіндегі үш қаланың ғана бар екені дәлел. Сондықтан да сол кездегі қала басшылығы мұндай мәселеге терең мән бермеуі, бақылауға алмауы да бек мүмкін. Бірақ сол кезде облыс басшылығы қанша жылдан бері әкімшілік орталығы болып келген қарамағындағы қаласына жөнін айтып, дұрыс жолды көрсетпеуіне не жорық? Тап сол кезде Ербол Садырдың өзі білдей облыс әкімінің орынбасары қызметінде болғанын, соған қарамастан оның үнсіз отырғаны қаншалықты дұрыс?.
Бұл сұраққа Ербол Садыр мырза «Мен бөлініс кезінде экономика және қаржы саласына жауап берген жоқпын. Ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік мәселелері жөніндегі орынбасар болғанмын. Содан соң қазақта сөз бар «Жыламаған балаға емшек қайда?» деген. Сол сияқты әкімшілік-аумақтық бөлініс кезінде әркім өзінің дәлелімен, талдауымен мәселені шешіп алуы керек деп ойлаймын. Бұл сол кезде жіберілген кемшіліктер» деп қайырды.
Жалпы Ербол Садыр брифингте осы және өзге де мәселелер бойынша көптеген мәселелерді талдап, тарқатып айтып берді. Тілге тиек еткен деректерінің барлығы көз жұма қарайтын кемшілік емес. Оның сөзін ұйып тыңдаған кез келген адам «Ғабидолла Әбдірахымовтың командасы мүлдем жұмыс істемеген» деген ойға қалатындай дерсің…
Осындай ойымызды ортаға салғанда ол кісі «Ол кездегі жағдайдың қандай болғанын білмеймін. Біз қала бойынша талдау жасап шықтық. Мені көпшілігіңіз білесіздер. Облыс бойынша экономика саласын 10 жыл басқарғанмын. Біз жылына 115 мектепке дейін салғанбыз. 100 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысын жүргізгенбіз. Ұзын-ырғасы 70 елді мекенде 320 мың халықты сумен, көгілдір отынмен қамтығанбыз. Шешілген мәселелер қыруар. Соның барлығы бюджеттің, инвестицияның басқа да қаржылардың есебінен орындалған. Ал қалаға келсек, кемшіліктер орын алған. Мұны цифрлардың өзі көрсетіп тұр. Оған тек қана қала әкімі кінәлі сияқты болып көрінеді. Қаланың әкімі – қаланың басшысы. Ал енді әр салаға жауап беретін мамандар болады. Бұл сол азаматтардың жіберген кемшіліктері шығар. Оған өздеріңіз баға берерсіздер. Мен баға бермеймін. Бізге қала әкімінің қойып отырған талабы қордаланған мәселені шешу жолдары. Соған сәйкес біз талдау жасап, көрсеттік», — деді.

Т. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ.