ЕТ ӨНІМІН ҚАЙ ЕЛГЕ ӨТКІЗІП ЖҮРМІЗ?

Түркістан облысында жұмыс істейтін шаруа қожалықтарының саны 70 мыңнан асып жығылады. Ауыл шаруашылығы саласының әр бағыты бойынша істің көзін тауып, кәсібін алға сүйреп жүрген диқандар қауымының ала жаз бойы еткен еңбегінің арқасында алқап астыққа толған. Мәселен, облыста ағымдағы жылдың 9 айындағы көрсеткіш бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 450 млрд. теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда едәуір артқан.

Жыл басынан бастап саладағы ең маңызды мәселелерге зер салудың нәтижесінде есепті кезеңдегі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалған. Айталық, 7,0 мың гектар егістік алқабына тамшылатып суғару әдісі енгізілген. Осылайша тамшылатып суғару әдісі енгізілген алқап көлемі 16,8 мың гектарға жеткен. Есепті кезеңде жаңадан 400-ден астам шағын бордақылау алаңдары, 12 құс фермасы мен балық шаруашылықтары ашылған. Дәл осы сала бойынша жалпы құны 103,3 млрд. теңгені құрайтын 553 жоба әзірленген. Мамандар осы жобалардың барлығы жүзеге асатын болса 4500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылатынын мәлімдеуде. Бүгінде аталған жобалардың тең жартысы іске асқан. Және ашылған жобалардың көпшілігі мал шаруашылығын дамыту саласына бағытталған. Мал шаруашылығы демекші күнгей өңірі ірі қара мен уақ мал еттерін Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Иран, және Бахрейн елдеріне экспорттаған. Сонымен қатар, Ресей Федерациясы мен Беларусь мемлекетіне 304 мың тоннадан астам қауын, қарбыз өнімдерін шығарған. Жалпы 2019 жылдың 9 айының қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 157,3 млн. АҚШ долларын құраған.
Бұдан бөлек Түркістан облысында егістік алқаптарды әртараптандыру мақсатында мал азықтық дақылдарға көңіл бөлінуде. Естеріңізде болса осы жылдың қыркүйегінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған Жолдауында жем шөппен қамтамасыз ету көрсеткіші 60 пайызды құрайтынын мәлімдеп, бұл бағытта тиісті тапсырмалар берген болатын.

С. НҰРАЙ.