«Нұрлы жолмен» 25 нысан бой көтерген

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру негізінде Шымкентте 25 нысанның құрылысы жүргізіліп, ел игілігіне берілген. Бұл үшін 24,6 млрд. теңге жұмсалған. Атқарылған ауқымды жұмыстардың қатарында 7200 орынды құрайтын 9 мектептің құрылысы бар.
Сонымен қатар орындалған жұмыстар қатарына ұзын ырғасы 210,1 шақырымға жалғасқан кәріз жүйесінің жүргізілуі де жатады. Қаламыздағы 288 пәтерден тұратын 2 тұрғын үй құрылысы мен төрт автокөлік жолдары да тап осы бағдарлама аясында пайдалануға берілген.
Бұл туралы қалалық құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов әкімдіктің аппарат мәжілісі кезінде мәлімдеді.
Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен өткен жиында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мәселелері бойынша жүзеге асқан жобалар мен оны жандандыру жағы сөз болды. Өз кезегінде қала мэрі алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру кезінде ең бірінші мән берілуі тиіс басты мәселені атап өтті. Ол:
– Тұрғын үй салу кезінде құрылысты инженерлік инфрақұрылымдық жұмыстарды жүргізбей бастамау қажет. Бүгінде орын алып жатқан олқылықтардың ең басты себебі де осы. Бір-екі қызметкердің шала-шарпылығынан халық зардап шекпеуі тиіс, — деді.
Сонымен қатар ол, қандай да бір жобалар қолға алынғанда жұмыла жұмыс жүргізу қажеттігін баса айтты. «Мәселен, мектеп құрылысын салуда тапсырыс беруші білім басқармасы болса да, ондағы жұмыстардың тиісті ережелерге сай болуын құрылыс пен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармалары назарда ұстауы керек. Себебі, әр істің басы-қасында тиісті саланың кәнігі маманы тұрса нәтиже жемісті болады», — деп шегеледі.
Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы тиісті басқарма басшыларына тұрғын үй мен мектептер салу мәселесінде бюджетке алақан жаймай жеке инвесторлар тартуды жүктеді.

С. НҰРАЙ