Кореялық компания құрылысқа кірісті

Үшінші мегаполис әкімі Ерлан Айтаханов «HighVill Kazakhstan» компаниясының президенті Ко Денг Хенмен кездесті. Ко Денг Хен басқаратын мекеме 12 орам түсетін «Шымкент Сити» қалашығына тұрғын үй кешенін салатын инвестициялық құрылыс компаниясы болып табылатыны белгілі.
Бұл жолғы екіжақты кездесу кезінде тараптар «Шымкент Сити» жобасына қатысты бірқатар мәселелерді пысықтап, алда атқарылатын жұмыстарды саралады.
Оңтүстіккореялық «HighVill Kazakhstan» компаниясы жалпы аумағы 428 гектарды құрайтын «Шымкент Сити» жобасы бойынша бой көтеретін қалашықта 51,5 га аумаққа тұрғын үй құрылысын жүргізетін болады. Кездесуде онда салынатын үйлердегі барлық пәтер саны 7100-ге жететіні мәлімделді. Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін 1 млрд. 350 млн АҚШ доллары шамасында инвестиция тартылып үлгерген. Өз кезегінде компания президенті Ко Денг Хен қала әкіміне жоба бойынша бой көтеретін тұрғын үйлер мегаполистің ажарын ашып, сәулетіне сән кіргезетінін баса айтты. Сонымен қатар ол, компания ең алдымен 1,3 га жер теліміне 224 пәтерден тұратын (21 543,7 шаршы метр) 10 үйді салатынын, дәл қазіргі таңда сол нысандардың іргетастарын құю үшін негіздері жасалып жатқанын айтты.
Кездесу кезінде Шымкент қаласының әкімі Ерлан Қуанышұлы компания басшылығына жобаны жүзеге асыру кезінде құрылыс нысандарының сапасына ғана емес, оның қасбетіне де ерекше көңіл бөлінетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін аталған компанияның Шымкентте мектеп, аурухана, емхана сынды әлуметтік нысандарды салуына да зор қолдау танытатынын жеткізді.
Жалпы «Шымкент Сити» жобасын жүзеге асыру бойынша танымал «HighVill Kazakhstan» компаниясы өкілдері қала басшылығымен бұған дейін де бірнеше рет кездескені белгілі. Жүздесу кезінде тараптардың әңгіме өзегі дәл осы жоба жайында болатыны сөзсіз. Бұған дейінгі кездесулерде қала басшылығы тарапынан компания өкілдеріне бірнеше ұсыныстар айтылған. Соның бірі қалашықта салынатын тұрғын үйлердің сейсмикалық жағдайға шыдас беретіндей дәрежеде болуы еді. Жергілікті биліктің бұл мәселеге алаңдауы бекер емес. Себебі осы жылдың мамыр айында қатты нөсер кезінде «Нұрсәт» шағынауданында «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған көпқабатты тұрғын үйдің бірінің шатырынан су ағып, тұрғындарды есеңгіретіп тастаған болатын. Бұдан бөлек, былтыр дәл осы қазан айының бел ортасында қалада болған дүлей жел салдарынан талай үйлердің шатырлары жұлынғаны жұрттың жадынан әлі шыға қойған жоқ. Сол кезде төтенше жағдайлар департаменті бір күнде болған қатты желден ұшқан шатырлардың жалпы көлемі 425 шаршы метрге жеткені туралы мәлімет берген.

С. НҰРАЙ.