Маңызды

Өзбек ақынның айтқандарының астарында не бар?

(Мақсаты екі елдің арасына сына қағу ма?)

21 қыркүйек күні Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктерінің «Достық» қауымдастығы ұйымдастырған «Өзбек тілі, мәдениеті және дәстүрлері күні» аталып өтілді. Ежелден ауылымыз аралас, қойымыз қоралас, құдайы көрші мемлекет ақын-жазушыларымен әлеуметтік желі арқылы сыйласып, аудармалар жасап жүргендіктен, өңірімізге келген Өзбекстанның шығармашылық өкілдерінің шақыртуымен осынау іс-шараға қатысу бізге де бұйырып, тамашалап қайттық. Іс-шара өте жоғары деңгейде өтті.

Мұнан өзге бұл шараға Өзбекстанмен қатар Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен де өзбек ақын-жазушылары, басқа да құрметті қонақтар келіп қатысты.
Бұл шара Ассамблеяның ғана емес, оңтүстік өңірде мекендейтін өзбек этносының да мерейін үстем етіп, салты мен дәстүрлерін дәріптейтін әдемі мереке бола білді. Бұған көздері шоқтай жайнаған өзбек бауырларымыздың жанарын көргенде, ұлттық киімдерін киіп қуанған қыз-келіншек пен аналарды, балаларды көргенде куә болдық. Осындай тыныш та бейбіт мемлекетте тату ғұмыр кешіп жатқанымызға қуандық. Өзге елдерден келген ақын-жазушылармен дидарласып, өзара пікір алмасып, әдебиет жайлы әңгімелесіп, қауқылдасып-ақ қалып едік. Арадан бір апта өтпей Ассамблея ұйымдастырған шараның қадірлі қонағы болып, құрметке бөленіп кеткен өзбек ақыны Абдулла Вахш әлеуметтік желіге қазақты қаралағандай болған өлеңін жариялады.
Дәл қазір еліміздегі әлеуметтік желінің бетін «қыздырып» тұрған осы ақынның «2049 Түркістан. Түркім» өлеңі болып тұр. Өзіндік ой-тұжырымдарымызды қалың оқырманның ой таразысына салудан бұрын ақын Абдулла Вахштың өзімізше аударма жасағандай болған өлең мәтінін таныстырып кетуді жөн көрдік. Әрине, әдемі аударма деп айта алмаймыз. Бірінің тілін екіншісі түсіне алатын туысқан халық болған соң, ақын өлеңі мағынасын түсіндірмек болғанда өлеңнің ұйқасында да көңілден шыға бермес, үндестікке келе бермейтін жерлері де байқалуы мүмкін. Біз ақынның айтар ойын оқырманның түсіне білуін ұстандық.
Ақын өзінің:
«Отыз жылдан кейін
хәлің не болар,
Ахуалың не болар,
Түркістан?»
— деп сұрақпен басталған өлеңін «Адырлар сағынған тұяқ» дүбірін» деп әп-әдемі өрнектейді. Бірақ өлеңінің бірінші шумағында-ақ «Ұмыт, «өз ағамсың» десе олар, ұмыт, «Ағаңның» қолында мен қамшы көрдім!» деп айдалаға лағып кетеді. Ақын сонда не айтпақшы? Бауырмалдығымен, қонақжайлығымен әлемге танылған қазақтың өз ағам деп жүрген өзбегіне қамшы көтергенін түсінде көргені ме? Не деп оттап отыр?! Әлде төскейде малы, төсекте басы қосылған туысқан екі ұлттың арасына сызат түсіргісі келген сұрқия ойының болғаны ма? Таяз ойлы ақынның бұл арамзалығы бірлі-жарымды қуыс кеуделілер болмаса, дені сау жандарға әсерінің болмайтынын бес жасар бала да біледі ғой. Осыдан кейін өзбек ақыны Абдулла Вахш «крышасы» кеткен біреу ме дегенді еріксіз ойлайсың да, 3 миллионнан астам халқы бар облыстың жұртшылығы ортақ қуаныш етіп отырған мерейлі мерекесіне оның құрметті қонақ ретінде шақырылуының астарында бір «есептің» болғаны ма деп те күдіктенесің. Ақынның көзіне қазақтың қамшысының елестегеніне қарап, онда бір психикалық ауру бар ма деп аяп кетесің.
Ал ақынның «Талапкерді сыйламас үш пұлдық заңы, Құқығың күн сайын барады тапталып» дегенін оқығанда төбе шашың тік тұрады. Қазақ елінің Ата заңынан бастап, ұлт бостандығы мен азаматтарымыздың құқығын қорлаған ақынға өкпелеуден бұрын бір байғұсты «жындыханадан» алып шығып, оны неге сонша қинады екен деп күйінесің. Туысқандықты қойғанның өзінде, өзге елге барып, сол елдің бетіне күйе жаққысы келетін «ауышты» осы мерекеге алдырып, оған бейәдепсіздікті білдіретін өлең жаздыру Түркістан облыстық этномәдени бірлестігінің басшысы Бадриддин Нишанкулов пен «Достық» өзбек этномәдени қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжановтың «ішкі есебінде» болды деп айтуға тіл бармайды. Облыс жұртшылығының құрметінде жүрген осы екі азаматтың аузынан қаншама жылдардың өзінде бірде-бір рет «құқымыз тапталды» деген сөз шықпаған еді ғой. Әлде оны әспеттеген қонақ ақынның байқаусызда айтып қалғаны ма?
Мына ақын «Әкесін ұрғанды көріп едік, бірақ әкесін арбаға байлап ұрғанды көрмедіктің» керіндей өзге ұлтқа қатысты:
«Өз халқын аямай
сатқан надандар,
Жәйі келсе тіпті
қызын да сатар»
дегенді өлең ету топастықпен жазылған масқаралық емес пе? Бұл жерде ақын не айтпақшы болған? Әлде біздің мемлекетіміздің билігіндегілер «өз халқын сатқан надандар» дегенді меңзегені ме? Бұған осы ақынды қонаққа шақырған этномәдени қауымдастықтың басшылары жауап беретін шығар, әсте. Көрші әрі туыстас елге қарап «Ұлтым дейтұғын бар ма адал жандар?» деп сұрақ қоюдың өзі тұрпайы өрескелдікті көрсетіп отырған жоқ па? Ұлттың намысына тиіп сөйлеуден артық ауыр нәрсенің жоқтығы баршаға аян. Онда туыстас елдің сарыауыз бала ақыны емес, өмір сырын білетін шал ақынның шатты-пұттысының астарында не тұрғаны? Достықпен келдік деп тұрғанның өзінде аузына келгенді «құсып кету» екі ел арасына сызат түсірмей ме?
Мына ақынның осы өлеңін ден қойып оқыған туыстас екі елдің жастарының арасында алауыздықтың туындамайтынына кім кепіл бола алады? Ассамблея, этномәдени қауымдастық дейін десек, оның тірлігінің өзінде «дежурный» қойылымдардың жеткілікті екендігіне осы сөз етіп отырған мәселенің өзі дәлел болып отыр ғой.
Ақын:
«Көп өтпей мектептер
жабылар өзі,
Жайлауыңда жайылар
қозылар өзге»,
— деп кімнің шабына ши жүргізгісі келіп отыр. Өзбек мектебі көбеймесе азайып отырған жоқ. Сонда біздің елімізде үш тілде оқытуды кекеткен болып құйтырқылық жасағаны ма?
Оның:
«Жазира далаларда
өлі тыныштық,
Ауылыңның үстінде
қапқара бұлттар.
Көзіңді аш, сақ бол, саспағын бірақ» дегенін қалай түсінеміз? Ақын Қазақстанның ел ішінде саяси тұрақтылық сақтаудан әлемге үлгі болып отырғанын білмейді деп айта алмаймыз. Сонда көзіне қамшы елестеген ақынның тағы бір «приступы» ұстап, қап-қара бұлттардың елестегені ме? Қалай болғанда да ақынның өлеңдерінде түсініксіз жәйттер көп. А. Вахш өзінің фейсбуктегі парақшасында: «Өзбек ұлтының өзбек болып қалуы қауіпті болып тұр. Өзбек тілі мен мәдениеті күні іс-шараның қазақ тілінде жүргізілуі осы пікіріме себеп» деп өзінің өтірік сөзімен өзбек жастарының қытығына тиеді. Осы мерекеге қатысқан шымкенттік жазушы қыз Б. Ауданова қазақ-өзбек тілдерінде жүргізілген іс-шараның соңына қарай жиналған көп ұлтты жерлестерінің көңіліне қарамай, бәрі өзбек тіліне көшкеніне өкпе-назын білдіріп жазса, ал мынау «қуғынбай» ақын не деп далбасалайды? Тіпті, оның өктем сөйлеп басынғандығын қайтерсің? Оның өзінің жазбасында «Облыстың 90 пайызы өзбектер, қанша өзбек басшы бар?» деп өзеурегеніне не дерсің?
Бұл ақынға Түркістан облысының тұрғындарының 90 пайызы өзбек деген ақпаратты кім беріпті? Ақынды әспеттеп күтіп, құрметтеп шығарып салған өзбек ұлтты жерлестеріміз И. Хашимжанов пен Бадриддин Нишанкуловтар шығар дегенге сенгің келмейді. Осы ақынның аузымен лауазымды басшылық қызметте өзбек ұлтты азаматтар жоқ дегенді айтқызып, өз есебін түгелдемек болғаны ұят-ақ болған. Қисынға келмейтін ақпаратты тарату ақынның абыройын айрандай төгуге жеткізді ғой.
Ақынның өлеңдерінен жаһандану заманында туыстас түркі әлемінің болашағына алаңдаушылық пен шынайы жанашырлық көрініс бергені байқала ма деп те қаласың. Бірақ ақындардың өзге елдің, әсіресе, туыстас көрші елдің тыныс-тіршілігіне тұмсығын тығып, намысына тиіп жатқанын көрмейсің ғой. Тіпті, Еуропа құрлығында кейбір елдердің біржыныстылардың үйленуін заңдастырып, Құдірет иесінің ісін мансұқ етіп жатқанда әлем ақындарының ұлардай шулағанын кім есітіпті? Ал біз «асыңды ішіп, киізіңді тілгенді» басқадан емес, өз ағамыздан көріп отырғанымыз қалай намысыңа тимейді?
Біз өз еліміздің тыныс-тіршілігінде қаншама келеңсіздіктердің дендеп кеткенін өзбек ақыны Абдулласыз-ақ білеміз. Елімізге Тәуелсіздік келгенде қазақтың «іңгәсін» емес, өзбектің «теңге-теңгесін» айтып, айтқанда да күндіз-түні, айлар, жылдар бойы айтып, елде рухани азғындыққа жол беріп қойғанымызды адам да, Құдай да біліп отыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланып, оны өміршең етуде бүкіл елімізде жарқын істердің жүріп жатқанынан өзбек ақыны А. Вахш хабарсыз деп ойламайсың.
Иә, шындықты жасырып «сұлу торы аттай» бола алмайтының бес жасар балаға да белгілі. Рас, Ташкенттің көшесінде, жолаушы тасымалдау көліктерінде, қоғамдық көпшілік орындарында орыс, кәріс, украин, тәжік т.б. өзге ұлтты адамдардың бәрі өзбек тілінде сөйлейді. Тіпті шетелден оқуға келген жат-жұрттықтардың студенттері жарты жылға жетпей өзбек тілінде сайрап қана қоймай, ол елден кеткенше өзбекше сөйлейтіні дүниенің төрт бұрышына аян екен. Ал біздің осыдан отыз жыл бұрын «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдап, қазақтың күні кеше туған баласының өзін қазақша сөйлете алмай, біресе «Тіл туралы» заңды қайта қабылдау керек, біресе қазақ тілін оқытатын курстарды көбейту керек деп болашақты былжыратып отырғанымыз анық. Тайланд ханшайымы бізге: «Дүние жүзінде өзінің ана тілінде сөйлемейтін бір-ақ ел бар болса, ол сіздерсіз», — дегенде «былқ» етпеген болсақ, А. Вахштың ұлтымызды қорлай сөйлеуі әп-әжептеуір ыстықтатып-ақ тастапты.
Ия, өзбектер өздерінің жартылай жалаңаш әнші-биші қыздарын елден шығарып жатқанда, біздің Алматының қақ төрінде 23 жасар қазақ қызы жүздеген адамдардың ортасында тыр жалаңаш жүріп өнер көрсетуге барды. Бүкіл елге тарайтын телеарнадан өнер қайраткерісымақ болып жүрген қазақ әйелі 20 жасар қазақ қызына «пәктігімді сатамын» дегенді айтқызып, елді есінен танарлықтай еткені де рас. Небір масқаралықты көрсететін ел телеарналарына тоқтам салып, ұлттық намысты қорғауға келгенде біздегі билік иелерінің «үні өшіп», тілден қалатыны да рас. Ұлттық құндылығымызды сақтап, оны ұрпақ мұрасы ретінде қастерлеуге келгенде кемшін түсіп жататынымызды жасыра алмаймыз. Облыс орталығынан 200-300 шақырым жердегі шалғай ауылдарда иегова мен баптистер, кришнайт өкілдері талтаңдап жүргендігі өмір шындығы.
Дәл қазір елімізде тыныс-тіршілігі лебі келгендей болып, біздің де көшімізді түзейтін уақыт жақындап қалды. Абдулла Вахштың киелі Түркістан мен оның түркі тектес жұртшылығына жанашырлықпен алаңдауы ма, әлде еліміздің дамуындағы жетістіктерге пендешілік қызғаныштықтың әсері ме, әйтеуір бауырлас қазағын сынауда біраз жерді «былғап» тастапты. Көпке қарсы, оның ішінде өзге ұлтқа қарап бейәдепсіздік жасаудың өрескелдігін ақын түсінетін-ақ сияқты. Ойлы жан болса, оңтүстік қазақтарынан кешірім сұрайтын шығар-ақ.
Қазір бұл өлең әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Бір қызығы, осы мерекені ұйымдастырып, оған А. Вахшты алдырып, артына қазақтың ұлттық намысына тиетін «бәлдір-батпақтың» жариялануына жеткізген Ассамблеяның жергілікті өкілдері «тырс» етер емес. Сонда сұрқиялықтың сыры сол жақта жатқаны ма? Күтейік, сыбырлағанды Құдай да естиді ғой.

Әділ МҰРАТБЕКОВ.

2049 ТҮРКІСТАН. ТҮРКІМ

Отыз жылдан кейін хәлің не болар,
Ахуалың не болар, Түркістан?

І
Жазира далаларда өлі тыныштық,
Адырлар сағынған тұяқ дүбірін.
Ұмыт, “өз ағамсың” десе олар, ұмыт
“Ағаңның” қолында мен қамшы көрдім!

ІІ
Топырақ сескенер баба қанынан,
Ұрпақтар жадында жүрекпен танып.
Талапкерді сыйламас үш пұлдық заңы,
Құқығың күн сайын барады тапталып.
Өз халқын аямай сатқан надандар,
Жәйі келсе тіпті қызын да сатар.
Ұлтым дейтұғын бар ма адал жандар?
Ұлтым деп жанатын бар ма бір адам?
Алдымен басыңды, кейін тіліңді,
Кейін ауылыңды айырбастайды…
Байқасаң, наныңнан шыққан қыл дағы
Нәпсіңді тыюға жетпей, қайғыласым,
Көп өтпей мектептер жабылар өзі
Жайлауыңда жайылар қозылар өзге.
Ләм-мим дей алмайсың, отандастарың
Қалпағын бастырып киер көзіңше.
Жазира далаларда өлі тыныштық,
Ауылың үстінде қап-қара бұлттар.
Көзіңді аш, сақ бол, саспағын бірақ
Шағалдарға қарсы асырағын иттер!
Бабаларыңның кіндік қаны тамған,
Жерлерде бөтен пәлек өспесін.
Етіңді жыбырлатқан, кеудеңде жанған
Алауды самал жел тоспасын!
Ертеңгі күннің көзі арайлы
Таңдар жарытады ұзақ, жақынды.
Шырқа, еркіндік күйін шырқа, қанеки
Кеудеңе жөргектеп найзағай отын!

Пікір жоқ

Пікір қалдыру