Маңызды

АЛАЯҚТАР ПРЕЗИДЕНТТІ АЛАҢДАТЫП ОТЫР

Алаяқтар түрмеде отыруы тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы мәлімдемесі бұқаралық ақпарат құралдары мен желіде жарыса жазылды. Нұр-Сұлтан қаласын одан әрі дамытудың бағыттары жан-жақты талқыланған елордадағы кезекті жиында Президенттің бұлайша пәрмен беруіне үлескерлердің сан мыңдаған халықтың үй аламыз деп жинап жүрген ақшаларын «үптеп» кетуімен байланысты болды.

Бүгінде бір ғана бас қаланың өзінде 13 мыңнан астам үлескер сақалды құрылысқа айналған нысанды айналсоқтап, амалы құрып жүр. Осыны алға тартқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновке бұл мәселені мейлінше тездетіп шешуді тапсырды. Президент өз сөзінде қазіргі таңда алаяқтардың әккі тірліктері құрылыс саласында көп әшкереленіп жатқанын айта келе, «Мұндай бассыздыққа мемлекет үнсіздік танытпауы қажет. Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне осы мәселемен нақты айналысуын тапсырамын. Алаяқтар абақтыда отыруы керек. Өйткені олар азаматтардың заңды құқығын бұзуда. Алдап-арбап, далаға сенделтуде», — деді.
Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов алаяқтар заң алдында жауап беретінін нық сеніммен мәлімдеді.
Жалпы алаяқ деген сүйкімсіз атқа кенеліп, сыйын жоғалтқан азаматтар жетерлік. Құзырлы органдар мұндай қылмысқа барғандардың талайын анықтап, түрмеге тоғытуда.
Президенттің құзырлы органға алаяқтарға қатысты күресті күшейтуді шегелеп тапсыруы «түйені түгімен, биені бүгімен» жұтатындардың басым бөлігінің бостандықта тарпаң басып жүргенін, яғни, олардың саны әлі сейіле қоймағанынан хабар беретіндей.
Қасым-Жомарт Кемелұлы тұрғындардың «басын ауыртып, балтырын сыздатып» кеткен сабаздарға қатысты не істеу керек екенін дөп айтты. Ал енді не істелінетіні алдағы күннің еншісінде.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру