МЕГАПОЛИСКЕ НЕПАЛДЫҚ МИЛЛИАРДЕР КЕЛДІ

Әбдірахымовтың кезінде басталған іс жалғасын таба ма?

Ерлан Айтаханов Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалған алғашқы күндерден бастап жұртшылық арасында «жаңа басшы экс-әкімнің бастамаларын жалғастыра ма?» деген мәселе көп талқыланған сұрақтардың бірі болғаны шындық. Осы аптада қала тұрғындары оған нақты жауап алғандай дерсің. Қала әкімі Ерлан Қуанышұлының GG Group трансұлттық корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы Бинод Чаудхаримен кездесуі соның жарқын дәлелі.
Естеріңізде болса бұған дейін де непалдық миллиардер Бинод Чаудхари төрағалық ететін компания Шымкентте заманауи аквапарк және аттракциондар паркінің құрылысын салатыны туралы бірнеше рет айтылған болатын. Шілде айының ортасында компания төрағасының ұлы Варун мырза Шымкентке арнайы келіп, жобаны жүзеге асыру бойынша бірқатар мәселелерді сол кездегі қала басшысымен талқылаған еді.
Шымкентке сапарында әлемдік нарықта жетекші орынға ие компания төрағасы Бинод Чаудхаридің қала әкімі Ерлан Айтахановқа бірнеше жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді. Яғни, кездесу барысында қос тараптар ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу мәселесіне де тоқталды. Оған негіз де жоқ емес. Себебі, GG Group трансұлттық корпорациясы қонақ үй, мейрамхана бизнесі мен ойын-сауық орталықтарын салуда ғана емес, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу саласында да белді әрі бірегей компания болып табылады.
Осы жәйтті ескере келе, Ерлан Қуанышұлы Бинод мырзаға мегаполисте ауылшаруашылық өнімдерін өңдеудің мүмкіндіктерін атап өтті. Өз сөзінде ол:
– Шымкент қаласын географиялық және экономикалық тұрғыдан қарасақ ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуде өте қолайлы жерде орналасқан. Климаты да ыңғайлы. Қаламызда әлемдік стандартқа сай заманауи үлгідегі сауда-логистика орталығы салынып жатқанын ескерсек, келешекте GG Group корпорациясымен тығыз жұмыс істеу баршамызға тиімді болары анық. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеп, экспорттау қос тарапқа да пайдалы екені сөзсіз,- деді.
Бұдан бөлек, қала әкімі непалдық миллиардерге қонақ үй бизнесін жандандыруда да қоян-қолтық жұмыс істеу туралы ұсынысын айтты. Бұл бағытта нақты жобаны жүзеге асыру үшін «Шымкент Сити» қалашығынан жер учаскесін бөлуге дайын екенін жеткізді.
Бұл жүздесу кезінде тараптар бұған дейін өткізілген келіссөздер негізінде қолға алынуы тиіс Happy land отбасылық ойын-сауық кешенінің іске асырылу барысын сөз етті. Осы ретте Ерлан Қуанышұлы жергілікті билік тарапынан барлық тиісті жұмыстардың жүргізілгенін айтып, непалдық инвесторды жобаны бастауға шақырды.
Қала әкімі бұл жоба Шымкенттегі туризмнің дамуына үлкен үлес қосатынын және басталған іс өз жалғасын табуы тиістігін баса айтты.
Сонымен қатар ол, осы аптада Орталық Азия бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкінің басқарушы директоры Бруно Балванера бастаған делегацияны қабылдады.
Жүздесу кезінде тараптар екіжақты бірлескен жобаларды талқылап, алдағы жоспарларды пысықтады. Ол қалада тозығы жеткен су және жылу жүйелерін жаңғырту, орталық пен ішкі көшелерді жарықтандыру болып табылады. Өз кезегінде Бруно Балванеро қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беретін бұл жобаны іске асыруға дайын екендіктерін мәлімдей келе, алдағы күнде де бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
Осы ретте аталған банк қаржыландыратын бұл жоба бойынша тиісті келіссөздер ағымдағы жылдың шілде айында қолға алынғанын айта кетейік.

С. НҰРАЙ.