ОРДАБАСЫЛЫҚ ШАРУАЛАР СУСЫЗ ҚАРБЫЗ ӨСІРДІ

Түркістан облысындағы ордабасылық диқандар қарбыз өсірудің тың тәсілін меңгерген. Олар 130 гектар жерге қарбыз дәнін сеуіп, оны сусыз өсіріп, қазіргі таңда өнімді жинауға кірісіп кеткен. Тіпті 40 гектардан теріліп алған қарбыз дәнін АҚШ-қа экспорттауды жоспарлап отырған жағдайы бар.

Шетелдіктер дәл осындай сорттағы қарбыздың дәнін косметика индустриясына пайдаланады екен.
Жуырда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аталған ауданға жұмыс сапарымен барып, сусыз қарбыз өсіруді меңгерген шаруалар жұмысымен танысты. Аймақ әкімі оларға қарбыздың шырынын өңдеп, қалдықсыз өнім өндіру туралы кеңес айтты.
Сонымен қатар ол, 20 жылдан астам уақыт егіншілікті кәсіп еткен «Ақ-Орда-Б» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Аталған серіктестік бүгінде өз жұмысын бір ізге түсіре білген. Еңбектің көзін тапқан шаруалар бір маусымда екі рет егін жинайды. Айталық олар ерте көктемде кортоптың голландиялық сортын еккен. Оны жинап болып, іле қырыққабат отырғызған. Шаруалардың мұндай жетістікке жетуіне соңғы технологияның септігі мол.
Жалпы Ордабасы ауданында бір ғана ауылшаруашылық саласында жаңа технологияларды пайдалану арқылы 46 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

С. НҰРАЙ.