Жапон мектептерінің барлығы интернетпен қамтылған Қазақстан неге осы тәжірибені үлгі тұтпайды?

Осы аптада елімізде ең көп талқыланған мәселелердің бірі Білім және ғылым министрінің оқушылардың еден жууға қатысты мәлімдемесі болды. Өскелең ұрпақты өзгелердің еңбегін бағалауға баулиды деп көтерілген бұл бастаманы қос қолдап қуаттағандар бар.

Бірақ қарсы шыққандардың қатары анағұрым көп. Әсіресе әлеуметтік желілерде «Көптеген мектептерде жылы су жоқ. Суық суға еден жуса қалай болғаны?», «Еден жуып түрлі вирустарды бойларына жұқтырып алуы ғажап емес…», «Мектеп еден жууды емес, білім үйретсін», «Алдымен оқушылардың сөмкесін жеңілдетсін», «Оқушы-оқушы болып қалуы керек…», «Сенбілікке шықса қарсы емеспін. Күнделікті еден жуғанды құптамаймын», «Білім алуына 40 минут жеткіліксіз. Еден жуса білмеймін…» т.с.с пішен пікірлер жетерлік. Өз кезегінде еліміздің бас педагогы «Біз еденді де, партаны да жудық. Біздің кезімізде мұндай жағдай қоғамда ешқандай резонанс тудырмайтын. Мұны тәртіп ретінде қабылдадық» деп түсіндірді.
Кеңестік кезеңде жалпыға ортақ мұндай тәртіптің болғаны шындық. Тек министр ғана емес, сол кездегі буынның барлығы мұндай талаптың үдесінен табыла білген. Алайда дамыған отыз елдің қатарына қосылуды мақсат еткен елімізде мұндай тәртіпті тәжірибеге енгізу қаншалықты қисынды?!
Қызу пікірталас тудырған бұл бастама әу баста Жапония елінен алынған тәжірибе деп айтылды. Шынында да ол елдің мектептерінде еден жуушы болмайды. Барлық білім ұяларында оқушылар топқа бөлініп, өздеріне бекітілген сынып бөлмелерін жуып-шаюы қалыпты құбылысқа айналған. Дегенмен, жапон мектептеріндегі ерекшелік осымен түгесіліп қалмайды. Ол елде бұдан бөлек, бүлдіршіндердің барлығының 3 жастан бастап балабақшамен қамтылуы бақылауға алынған. Бастауыш сыныпта оқитын өрендерге үй тапсырмасы берілмейді. Бұл оң-солын енді танып келе жатқан оқушының санасына артық салмақ түсірмеудің жолы болса керек. Мектептің кіре берісінде балалардың аяқ киімін қою үшін арнайы шкаф орнатылған. Оқушыларға салауатты өмір салты, информатика, музыка, үй шаруашылығы сынды пәндерді меңгеру жолға қойылған. Барлық мектептер интернетпен қамтылған. Мектептердің барлығында дерлік футбол, кендо, бейсбол, дзюдо, теннис, жеңіл атлетика, жүзу, волейбол, регби сынды клубтар жұмыс істейді. Мемлекетте «ауру – астан» деген қағида қатты қаперге алынған. Яғни, әрбір мектепте өскелең ұрпақтың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ететін диетологтар еңбек етеді.
Жалпы Жапонияда оқушының ой-өрісін кеңейтуге зор ықпал ететін өзге де мысалдар жетерлік. Соған қарамастан біздегі биліктің бүйірінде отырған азаматтар осы сан тәжірибенің ішінде тек еден жууды ғана таңдап алуын қалай түсінуге болады? Еден жуу үшін де тиісті инфрақұрылым жұмыстарының өз деңгейінде болуы қажеттігін ескермей, баланың еңбекке баулуға асыққаны құптарлық дүние емес. Ал Сіз қалай ойлайсыз оқырман?
Сөз соңында еліміздегі мектептерде оқушылардың еден жууына қатысты қызу талқыланған бастама бойынша оны жақтағандар мен қарсы шыққандардың тоқсан ауыз сөзіне билік тарапынан «Бұл бастаманы барлық білім ұяларында енгізу міндетті емес. Ұл-қыздарға еден жуу жуғызбау мектеп директоры мен ата- аналардың ортақ келісімімен ғана жүзеге асады» деген түйін қойылғанын айта кетейік.

М. ӘБДІРАЙЫМ.