МӘДЕНИЕТТІ СӨЙЛЕУДІ МЕҢГЕРУ ЗОР МӘРТЕБЕ

Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік қызметкерлер ел тұрғындарымен ұғынықты сөйлесуді, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың мән-маңызы мен нәтижесін халыққа түсіндіруді үйренуі тиіс деген міндет қойғаны белгілі.
Осы мақсатта Шымкент қалалық сотында «Азаматтармен мәдениетті сөйлесу, дау-жанжал туғызатын жағдайларға жол бермеу» тақырыбында тренинг өтті. «НИКА» Коммуникативтік дамыту орталығының Тараз және Шымкент қалаларындағы орталық жетекшісі Салтанат Қашағанова жүргізген тренингке Шымкент қалалық, сонымен қатар аудандық және оған теңестірілген соттардың мамандары қатысты. Жиында тренер С. Қашағанова көптеген жаттығулар, ойын элементтері аралас тапсырмаларды қолдану арқылы сот қызметкерлеріне конфликтінің түрлері туралы жан-жақты ақпарат беріп, дау-жанжалды жоюдың түрлі әдіс-тәсілдерін үйретті.
Ұйымдастырушылар мұндай шара сот саласындағы мамандардың түрлі дауларды алдын алу, оны шешу, тараптардың арасындағы текетірес кезінде өзінің эмоционалды қалыбын бір сарында ұстауға дағдылануға баулитынын алға тартуда. Шара аясында тренер Салтанат Қашағанова сот қызметкерлеріне күнделікті жұмыс барысында азаматтармен мәдениетті сөйлесіп, дау туғызатын жағдайларға тап болмаудың мүмкіндіктері төңірегінде тағылым жүргізді.
Жиын соңында шараға қатысқан мамандар тың деректерді санаға сіңіріп, оң әсерге бөленгендерін жасырмады.
Ағымдағы жылдың басында ҚР Жоғары сотының төрағасы Жақып Асанов елімізде кейбір судьялардың қара қылды қақ жарар әділ шешім шығару түгілі азаматтармен сауатты сөйлей алмайтынын, тілі түсініксіз, сөздері күрделі екенін, қанша рет «кітап оқы» десе, бұл кеңеске құлақ асып жатқандары шамалы екенін айтып қынжылған болатын.
«Азаматтармен мәдениетті сөйлесу, дау-жанжал туғызатын жағдайларға жол бермеу» тақырыбындағы тренинг Шымкенттік судьялардың мұндай сынға ілінбеуіне ықпал етері анық.

С. НҰРАЙ.