ҮШІНШІ ҚАЛАДА СУ ЖҮЙЕСІН ЦИФРЛАНДЫРУ ҚОЛҒА АЛЫНБАҚ

Әлемдегі қалалардың үздіктері сараланатын тізімде сарапшылар ондағы қоғамдық көліктерді, жол кептелісін, халықаралық әуежайларды, электр желісі, телефон және пошта қызметтерінің қызмет көрсету сапасымен қатар, су жүйесінің де жөнін електен өткізеді. Бұл дамыған елдер сапына қосылуды мақсат еткен кез келген елде су жүйесін халықаралық стандарттарға сай ету басты мәселелердің бірі екенін аңғартады.
Осыны негізге алған Шымкенттегі «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС шаһардағы ауыз су және шайынды су жүйелерін цифрландыруды қолға алып отыр. Ол үшін серіктестік басшылығы әлемдік UROS компаниясымен серіктестік байланыс орнатпақ.
Соның негізінде жуырда қаламызға финляндиялық UROS компаниясының өкілдері келіп, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС басшылығымен кездесті. Екіжақты кездесу кезінде компанияның атқарушы директоры Владимир Олещенков, вице-президенті Сакари Лаитинен және инженері Тутти Лаитинен сынды білгір әрі білікті мамандар Шымкент қалалық су арнасы мекемесінің цифрлық қамтылуын, кәсіпорын қуаттылығын зерделеді. Екіжақты кездесу барысында компания өкілдері «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің есептеуіш құралдары мен датчиктерінің, қысым реттеуіштерінің көрсеткіштерін UROS жүйесінде сынақтамадан өткізетіндіктерін алға тартты. Соның аясында шетелдік мамандар қалалық су арнасының басшылығына кәсіпорынды цифрлық жаңғырту, қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану бағытында нақтылы ұсынымдар әзірлемек.
Жалпы UROS компаниясы су арнасы мәселелерімен шұғылданатын бірнеше финляндалық кәсіпорындарда цифрландыру және гидравликалық моделдеу жобаларын табысты іске асырып, мойындалған. Аталған компанияның жобалары тек Финляндия елінде ғана емес, Ресей Федерациясында, Қытай Халық Республикасында, Үндістанда да қолға алынып, сәтті іске асып келеді.

С. НҰРАЙ.