Трамп сирек шашы туралы не деді?

Жетпістен асса да жүрісі ширақ, денсаулығы тың АҚШ президенті Дональд Трамп шашының үлгісімен мақтанды. АҚШ-тың Солтүстік Королина штатындағы кезекті бір жиында жақтастарының алдына шығып, сөз алған ол іс-шараға арналған алаңның тым тар екенін айтып, ұйымдастырушыларға ескерту жасаған.
Сонымен қатар Трамп, өзін тыңдайтын үлкен аудитория үшін ыңғайлы жерде көсілуді құп көретінін, ол үшін тіпті шашын малмандай су етер жауынның астында қалуға даяр екенін мәлімдеді.
Өз сөзінде АҚШ президенті:
– Бұл менің шашым. Мүмкін олар қуатты емес те шығар. Бірақ менің шашым көптеген құрдастарымның шаш үлгісімен салыстырғанда әлдеқайда жақсы,-деп мақтанды.
Естеріңізде болса ағымдағы жылдың маусым айында әлем бойынша Қарулы күштері ең қуатты елдің 45-ші басшысы шаш үлгісін өзгертіп американдықтарды таң қалдырған болатын. Сол кезде Ұлыбританияға сапар жасаған оның шашы артқа қарай таралған еді.
Жалпы Президент Дональд Трамптың сырт келбеті өз елінде және шетелде жиі әжуаланады. Көбіне-көп жұртшылық оның тазды жасыруға барынша тырысып баққан шаш үлгісін сөз етеді. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде оның терісінің түсін талқылау әлі тоқтатылмай келеді.

С. НҰРАЙ.