Сайлаушылары Шымкентте қалған депутаттар Түркістан облысының мәслихатында қашанғы отырады?

Алтыншы шақырылған Түркістан облыстық мәслихатындағы кейбір депутаттардың сайлаушылары Шымкент қаласының тұрғындары болып табылады. Яғни, Түркістан облысында олардың бірде-бір сайлаушысы жоқ. Соған қарамастан олар мәслихат корпусының құрамында жүр. Жұрт түсіне бермейтін мұндай жағдай қалай болды?
2016 жылдың наурыз айында республика аумағында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өткізілген-тін. Ол кезде қазіргі Түркістан облысы Оңтүстік Қазақстан облысы болып аталғаны белгілі. Ал оның орталығы Шымкент қаласы еді. Сондықтан да облыстық мәслихаттың құрамындағы 14 депутат Шымкенттен сайланған болатын. Бұл заңдылық. Алайда бірер жылдан соң, дәлірегі 2018 жылдың маусым айында Шымкент облыстан бөлініп, дербес қала атанды. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта құрылып, оның әкімшілік орталығы Түркістан қаласы болып белгіленді. Сол кезде Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының Шымкенттен сайланған 14 депутатының алтауы облыстық сайлау комиссиясына өз өкілеттігін тоқтату туралы өтініш жазады. Келіп түскен өтініш негізінде олардың өкілеттіктерін тоқтату туралы шешім 2018 жылдың тамыз айының аяқ шенінде өткен Түркістан облысы мәслихатының кезектен тыс 29-шы сессиясында қабылданады. Сөйтіп, №4 округтен сайланған «Жанұя» ЖШС-нің директоры Жұмағали Білісбеков, №5 округтен сайланған «Отау Груп» компаниясының президенті Қайрат Молдасейітов, №6 округтен сайланған «Құрылыс» ЖШС-нің директоры Қилыбек Тұрлыбек, №7 округтен сайланған «Europharma LLC» ЖШС-нің директоры Арман Берденов, №8 округтен сайланған «Алтын Дән» ЖШС-нің директоры Бакарам Абдукаримов, №9 округтен сайланған «Корпорация «Береке А» ЖШС-нің құрылтайшысы Рәшкүл Оспанәлиеваның депутаттық өкілеттіктері тоқтатылады. Өз кезегінде олар бұл әрекеттерін «сайлаушыларымыз Шымкентте. Енді дербес қала атанған тұрғындардың мәселесін Түркістан облысының мәслихат корпусында көтеріп жүргеніміз қисынға келмейді. Онда отырып, проблемаларды шешуге атсалысқанымыздан нәтиже шықпайды. Себебі, Шымкент пен Түркістан облысының әкімшілік аумағы екі бөлек» деп түсіндірді. Сол кезде қалың жұрт бұл пікірге әбден қосылды. Бірақ кейбір депутаттар халық қалаулысы деген атақтан оңай арыла қоймады.
Солардың бірі сол кездегі «Nur Otan» партиясының облыстағы филиалы төрағасының бірінші орынбасары болған Нұрмахан Жолдасов еді. Ол өз өкілеттігін тоқтату туралы шешімді алғашқы алты депутаттан сәл кейін жасады. Сонымен қатар ол, сол кезде мандатынан өз еркімен бас тартуды жоғарыдағы депутаттармен бірге жүзеге асырмағанын демалыста болуымен түсіндірді. Мұның қаншалықты шындыққа жанасатыны Нұрмахан Миятұлының тек өзіне ғана аян. Сондай-ақ ол, жергілікті жердегі басылымға берген мәлімдемесінде депутаттық өкілеттігін тоқтатса да, еліміздегі жетекші партияның облыстағы филиалы төрағасының бірінші орынбасары міндетін ары қарай жалғастыра беретінін нық сеніммен айтқан-тын. Тақырыптан тыс әңгіме болса да еске сала кетейік. Ол бұдан соң да бұл қызметте ұзақ отырмады. Ағымдағы жылдың шілде айында «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек оның үстінен түскен арыз-шағымдардың көптігін ескеріп, жергілікті жердегі филиал төрағасының келісімімен бұл мәселе Саяси кеңестің аймақтық бюросында қаралып, оны партия қатарынан шығарып жіберу туралы шара көруді талап еткенін ел ұмыта қойған жоқ.
Хош, сонымен әуелгі тақырыпқа қайта оралайық. Нұрмахан Жолдасов облыстық мәслихаттың депутаты өкілеттігін тоқтатқан соң, былайғы жұрт сайлау учаскесі Шымкентте қалып қойған өзге де халық қалаулыларының атап айтқанда, №1 округтен сайланған Дулат Әбіш, №2 округтен сайланған Дәурен Ахметов, №3 округтен сайланған Өмірзақ Мелдеханов, №10 округтен сайланған Абай Көмекбаев, №11 округтен сайланған Қайрат Сүлейменов, №35 округтен сайланған Руслан Омаров пен №46 округтен сайланған Әсет Қайыпбеков сынды азаматтар өз өкілеттігін тоқтатады деп болжаған. Алайда содан бері бір жылдан астам уақыт өтсе де Түркістанда сайлаушысы жоқ депутаттар тырп еткен жоқ. Олардың Түркістан облысы мәслихатының комиссия отырысында да, сессиясында да Шымкент тұрғындарының мәселесін көтеріп жатпағаны айдан анық. Ендеше олардың өздеріне дауыс беріп, халық қалаулысы етіп сайлаған тұрғындардың мәселесіне қатысты қандай да бір пайдалы шешімнің шығуына үн қоспай жүре беруі қаншалықты ақылға сияды?
Жалпы бұл мәселе бірінші рет көтеріліп жатқан жоқ. «Рейтинг», «Уақыт» басылымдары жоғарыда аты аталып, түсі түстелген халық қалаулыларының бұл әрекетіне сырт көздің сырттаны ретінде қисынсыз деген баға берген. Әлеуметтік желінің бірқатар белсенділері де мәслихат корпусындағы депутаттардың бұл тірлігін сын тезіне алған. Десе де, тізімдегі депутаттардың ешбірі одан нақты нәтиже шығармаған.
Таяуда Elitar.kz сайты осы мәселеге орай бейнематериал дайындаған. Сонда сайт журналисті депутат Қайрат Сүлейменовтен сайлаушылары Түркістан облысының тұрғындары болмаса да, оның сол аймақтың депутаты болып жүргенін қалай түсіндіретінін сұрағанда «Мені Үкімет емес, халық сайлап отыр. Халық маған дауыс беріп тұрып, қалай мен депутаттықтан кетіп қаламын. Сол себептен мен жеке өзімнің қолымнан келетін тірліктерді істеп беріп жатырмын. Мысалы, өзімнің қалтамнан шығарып, біреудің ауласының газонын төсеп бердім. Қолымнан келетін нәрселерді мен істеп беріп жатырмын қазір» деді.
Осы ретте Қайрат Сүлейменовтың қаперіне мына жәйтті баса айтқымыз келеді. Қайырымдылық жасау үшін депутат болу мақсат емес. Егер Сіз облыстық мәслихаттың депутаты ретіндегі өкілеттігіңізді тоқтатсаңыз да, халықтың жанашыры ретінде аулаларды абаттандыруға, қамкөңіл жандарға көмек қолын созуға билік тәйт демесі анық. Оған кәсіпкер ретінде Қайрат Молдасейітовтың, Рәшкүл Оспанәлиеваның қоғамға жасап жатқан көмек-жәрдемін тілге тиек ете кеткен әбестік емес. Және де халық қалаулысының міндеті аулаға газон төсеп, адамдарға киім әперумен ғана шектелмейді. Ол сол өңірдің әлеуметтік, қоғамдық саяси өміріне белсенді араласып, одан қандай да бір нәтиже шығарумен өлшенетінін естен шығармаған абзал.
Elitar.kz сайты Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұрғазы Бұхарбаевқа «мәслихатта сайлаушылары жоқ депутаттың болуы қаншалықты заңды деген?» сұрақты көлденең тартады. Нұрғазы Бақтыбайұлы «Ол депутаттар Түркістанда отырып, Шымкент бюджетінің толысуына көмек бермесе қалай болады? Сонымен қатар, ондағы атқарушы органдардың есептерін тыңдаған кезде біздің осындай сайлау учаскелерімізде мынадай- мынадай мәселелер шешілмей жатыр деп қалай айтады? Өйткені екі өңірдің басқармасы бір-біріне есеп бермейді. Мекенжай бір-ақ жерде болады. Сайлаушылары қай аймақта болса, ол сол жерде депутат болу керек. Мұны заңда нақты жазып қойған ғой» дейді.
Заңда барлығы тайға таңба басылғандай жазылса да, олардың Түркістан облысының депутаты болып тайраңдап жүргені түсініксіз.
Осы мәселеге орай Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев «Егер олар кетпейміз десе, оған құқылары бар. Олар тек қана Шымкент емес басқа да сұрақтарға араласады. Сайлаушылары Шымкентте болғандықтан олар сол жердің әкіміне депутаттық сауал жолдай алады» деп пікір білдірген.
Сонда Түркістан облысында сайлаушылары жоқ болса да, сол өңірдің мәслихатында жүрген мандаттылар үшін абырой емес, атақ маңызды болғаны ма?

А. САТЫБАЛДЫ.