СОЗАҚТЫҚ ПАЛУАН ТОП ЖАРДЫ

Тау тұлғалы азаматтар түлеп ұшқан Созақ ауданының тумасы Әкбар Елубайұлы мерейімізді тасытып, мәртебемізді асырды. Ол Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданында халықаралық деңгейде өткен «Толағай сұлтан — 2019» спорттық шығармашылық сайыста Түркістан облысының намысын қорғап, қарсыластарын шаң қаптырып, топ жарып қайтты.
Екі күнге жалғасқан сайысқа Моңғолия Республикасынан және еліміздің әр өңірінен білегінде күші, санасында ақылы тасыған 23 жігіт өзара бақтарын сынады. Сайыс жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі, қол күресі, өзін-өзі таныстыру, өнерін көрсету және сұрақ жауап сынды сегіз түрлі бәсеке бойынша өтті.

Өз кезегінде білімге құштар «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіттердің өнерін тамашалуға келгендердің легі көп болды. Олар спорттық сайыстың көрігін қыздырған батырлардың талантына таңдай қағып, зор қошемет көрсетті. Жиналғандарды теріскейдің топырағына аунап өскен Әкбар Елубайұлының өнері таң қалдырды. Ол сайыстың бірінші күнгі өнер бәсекесінде 120 келілік тайыншаны 20 рет көтеріп, жұртты ерекше күш-қайраттың иесі ретінде тәнті еткен-тін. Сайыстың сұрақ жауап бөлімінде де Әкбар ой өрісі кең, санасы ояу азамат екенін көрсете алды. Осылайша өзінің жан-жақты өсіп жетіліп жатқанын сөзбен емес, іспен көрсете білген ол «Толағай сұлтан — 2019» спорттық шығармашылық сайысында жүлделі бірінші орынды қанжығаға байлап, 1 млн. теңгені алып қайтты.

С. НҰРАЙ.