«Ағайын қыс қыр астында, қамданып қалыңдар!» — дейді 93 жастағы шаруагер ата

Созақ ауданынан Ұлы Отан соғысына аттанған 6000-ға жуық жауынгерден бұл күнде бес майдангер ортамызда жүр. Сол жауынгерлердің бірі Тағиев Шәміл 1926 жылы 8-мамыр күні Әзербайжан Республикасы, Карабах ауданы Косалар ауылында дүниеге келген. Әкесі Әләскеров Махмуд бай кісі болған.
Үш әйелі, қол астында 150-дей адамы болған. Ол кісі жайлы деректер Әзербайжан еліндегі тарихи кітаптарға енген. Тағиевтер әулеті Сталиннің репрессиясына ұшырап 1937 жылы Қазақстанға жер аударылған. Шәміл бұл жерге 10-жасында келген. Осы жерде Ленин атындағы орта мектепте оқыған. Жетінші сыныпты тәмамдап, қазіргі Ақсүмбе (бұрынғы Ворошилов колхозы) ауылының мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. Жас жігіт 1943 жылдың қаңтар айында майданға аттанады. Курск маңында 6 ай соғысқа дайындалады. Алты айдан соң алғаш рет әйгілі Днепр өзені маңында майданға кіреді. Ол жерде 25-ші гвардиялық атқыштар двизиясының 370-шы полкында минометшы- көздеуші болады. Бұл әскери мамандық жауынгерден өте ұқыптылықты, дәлділікті талап ететін еді. Соғыста өте қиын, ауыр жағдайларға тап болады. Оқ қарша борап тұратын, одан аман қалу мүмкін еместей көрінеді. Шайқас қызып жатқанда немістің екі солдатын қолға түсіріп «тіл» есебінде бөлімшеге алып келеді. Расында тұтқын өздерінің қанша солдаттары бар екенін, техника түрлері, қай уақытта шабуылға шығатыны жайлы құнды мәліметтер береді.
Шәміл 1944 жылдың соңында айтарлықтай жарақат алып Украинаның астанасы Киев қаласында госпиталға түседі. 2-ай емделіп тағыда майданға аттанады. Бұл жолы Венгрия және Румыния жерлерін азат ету шайқасына қатысады. Осы шайқаста зеңбірек оғының дәл қасынан жарылғанынан топыраққа көміліп қалады. Біршама уақыттан кейін жауынгерлер топырақ арасынан шығып жатқан қолды көріп аршып алады. Шәміл әлі тірі екен. Қарнынан тиген оқ жарықшағы қарнын жарып, ішегін ақтарып жіберіпті. Қолынан да ауыр жарақат алып Тбилиси қаласында госпитальде емделіп 1946 жылы ауылға оралады. Соғыстағы ерлігі үшін «1-дәрежелі Отан Соғысы» ордені, Ұлы Жеңістің -20, 30, 40, 50, 60, 70 жылдық медальдарымен марапатталады. Ауылға келген соң шаруашылықтың түрлі салаларында жұмыс атқарады. Есепші, қоймашы және ферма меңгерушісі болып жүріп, Ташкенттегі ауылшаруашылығы институтын тәмамдап, агроном мамандығын игеріп шығып, 1968 жылдан кеңестік шаруашылықтарда 17 жылға жуық агроном болып қызмет атқарып ауылдың көріктенуі мен қөгалдануына үлесін қосып, бау-бақша отырғызу жұмыстарын жүргізеді. Жеміс-жидектің барлық түрін өсіріп, халықтың игілігіне жұмыс істейді. Үкімет тарапынан еңбек майданындағы ерлігі ескеріліп «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Сол уақыттарда «Правда», «Сельская жизнь», аудандық «Молшылық үшін» газеттерінде іс тәжірибелері кеңінен таратылады. 1990 жылы абыроймен еңбек демалысына шығады. Жанұясында 11 бала дүниеге келді. Барлығы да қалаған оқу орындарын бітіріп, бір-бір мамандықтың иесі атанады. Бүгінгі таңда қарияның кіндігінен тараған 41 немересі, 70 шөбересі бар. Шәміл көке қазір де қол-қусырып қарап отырған жоқ. 1990 жылдан «Изенді» шаруа қожалығын құрып мал өсіріп, егін егіп құдай қосқан қосағы Рахия апамыз екеуі шаруашылық басында балаларға басшылық жасап, ақыл кеңестерін беріп келеді. Рахия апа 1928 жылы туылған. Ауданмен құрдас. Немерелеріне ертегі айтар шежірелі әже. Сондай-ақ айта кетерлі Тағиевтер шаңырағы көп ұлттың өкілі бас қосқан интернационалды отбасы. Атап айтқанда Шәміл көкенің ұл-қыздары түрлі ұлттан ғұмырлық серік болар жарларын тапқан.
Ританың жұбайы Нариман түрік ұлтынан, Шәпиканың күйеуі Шәріпжан қазақ,
Жұлдыздың күйеуі Әбдірахман қазақ, Хуршиданың жұбайы Фердаустың ұлты әзербайжан, Малахаттың күйеуі Василий грузин, Фариданың күйеуі Қарлыбек қазақ. Хурияттың күйеуі Мухитдин өзбек, Зояның күйеуі Нұрмұхаммед өзбек ұлтынан. Ұлдарына келсек Қадірдің үйіндегі – Зухра келін түрік, Эльбрустың үйіндегі Адила келін әзірбайжан қызы. Фаридасынан өрбіген жиені тәжік азаматына тұрмысқа шықты. Сонымен қатар, биыл отбасына жұмыссыз жүрген Светлана есімді орыс азаматшасын отбасымен жұмысқа қабылдады. Сонымен Шәміл атаның шаңырағында жеті ұлттың өкілі біте қайнасып тіршілік етуде.
– Біздің отбасымыз қуғын-сүргін жылдары көп қиындық көрді. Біз бала болсақта ата-анамыздың, бауырларымыздың, жалпы сол кездегі халықтың басына түскен нәубетті көріп өстік. Сондықтан бізге ынтымақтың, бейбіт өмірдің, татулықтың құны қымбат. Елдің амандығын, тыныштығын тілейміз.Біз көрген соғысты кейінгі ұрпақ көрмесін. Адал еңбек етіп, ащы маңдай теріңмен теріп жеген нанның дәмі ауыздан кетпейді. Несібені жер анадан теру керек. Халқымыздың әрбірі еңбекті, оның ішінде егіншілікті, мал шаруашылығын, қол өнерді кәсіп ете білсе қашанда елімізде тойыншылық болады.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев нағыз көреген басшы. Алыс-жақында зерделі болжайды. Түрлі қиында соқпақты жолдармен көш бастап халқын тығырықтардан алып шығып келе жатыр. Сондықтан бәріміз Елбасымызға қолдау білдіріп көмек беруіміз керек. Көмек деген не? Ол қария болып елдің ауызбіршілігіне жұмыс жасауымыз керек. Мемлекеттің тілін, салтын, әдеп-ғұрпын құрметтеуіміз өзімізді құрметтегеніміз болар еді. Өзге мемлекеттерді күнделікті ақпарат құралдары беттерінен көріп отырсыңдар. Қандай жағдай болып жатыр. Құдай сондай алауыздығынан сақтасын,-деп қария өзінің ақ жарма лебізін білдірді.
Қарт Қаратаудың баурайында шаруашылықты жанына серік етіп, еңбек кәсібіне немерелерін баулыған қадірменді қарияның айтары мол. Шаруашылықта түйе, сиыр, қой-ешкі, жылқы, тауық, қаз өсірілуде. Мініс көліктері де сақадай сай, қоңы жоғары. Іргеде таудың мөлдір суы сарқырай ағады. Үйіне таудан жер асты су құбырын жүргізіп алған. Есіктің алдында жер асты қоймасы салынған. Онда қысқа жейтін сақталатын банкіге жабылған консервіленген өнімдер сақталып тұр. Шетінен алып бала-шағасы қыс бойы жеп шығады екен. Қаладағы балаларға да жіберіліп тұрады. Бүгінде қарт шаруагердің иелегінде ауылшаруашылығы техникаларының да барлық түрі бар. МТЗ-80 тракторы тіркемесімен, экскаватор, шаруадан бір мезет тыныстап демалғысы келсе отбасымен қыдыратын «Газель» автокөлігі де бар. «Ұста ұста емес, құрал ұста» демекші қолындағы бар құрал-саймандарымен өзі көктемде жер жыртып, тырмалап, егін салып алады. Қазіргі таңда қысқа қажетті мал азығын толықтай қамдап алды. Жеміс ағаштарының да 20-ға жуық түрі отырғызылған. Алма, алша, долана, алмұрт, өрік, шие, тау шие, қара өрік, жиде, тұт және осы жеміс ағаштарының әр түрін көресің. Көкөніс егілген бақшалығына кірсең неше түрлі бақша өнімі қаз-қатар егілген. Қарт майдангер, облыстағы қарт кәсіпкер дастарханының сәнін кіргізіп отырған еңбекқор жан.
Көзі ашық, көкірегі ояу, қимылы сергек Шәміл көке «жаздың әр күні жылға азық» екенін естен шығармай иығына кетпенін іле бақшалығына бет алды.

Мақсат Қарғабай,
Созақ ауданы.